Ұлы Отан соғысының қатысушысы Кенжебай Мәденовке "Халық қаһарманы" атағы берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
"Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын.
Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген жарлық мәтінінде.
"Қазақ әдебиеті" басылымының жазуынша, Кенжебай Мәденов 1925 жыл 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Ақтайсай ауылында дүниеге келген.
Кенжебай Мәденов екінші дүниежүзілік соғысы барысында "Берлин" операциясына қатысып, неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартқан және ту тіккен, ерен ерлік жасаған батыр. Ол – есімі күллі қазаққа әйгілі, дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының ұрпағы.
1943 жылы 8 қаңтарда 18 жасқа толмай тұрып, Қызыл армия қатарына өз еркімен аттанған. 1943 жылы қарашада Краснохолмск жоғары жаяу-әскерлер училищесінің командирлерді дайындау бойынша курсын аяқтаған соң 3-Украина майданының 8-гвардиялық армиясының 57-атқыштар дивизиясының 170-гвардиялық атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінің командирі болып Кривой Рог түбіндегі шайқасына қатысқан.
1944 жылы қарашадан бастап, 1-Белоруссиялық майданда 5-екпінді армия, 266-атқыштар дивизиясының, 1008-атқыштар полкі, 2-батальон ротасының 5-атқыштар взводына басшылық еткен. Украинаны (Днепр өзені), Молдавия аумағын (Ясса-Кишиневтік операция), Польшаны, оның астанасы Варшаваны, Германияны (Висла-Одерлік операция) азат ету бойынша әскери шабуылдардың және Берлин шабуылының (Берлиндік операция) қатысушысы.
Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы бірнеше кітаптарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Маршал Г.К. Жуковтың "Естеліктер мен ойлар" кітабында мынадай деректер келтірілген: "…29 сәуірде Берлин қаласының орталығында шайқастар басталды. Ратушаға 1008-ші атқыштар полкі (командирі полковник В.Н. Борисов) және 266-шы атқыштар дивизиясының 1010-шы полкі (командирі полковник М.Ф. Загородский) басып кірді.
Танктердің, өздігінен жүретін артиллерияның қолдауымен келе жатқан біздің жауынгерлеріміз жаудың қатты шабуылына тап болды, сондықтан көшеде алға жылжу мүмкін болмады. Жаудың тегеурінді қарсылығынан Ратушаға тіке шабуыл қиын болды. Артиллерия мен реактивті қару арқылы атқылауға бұйрық бердім. Бүкіл ғимарат қалың түтінге оранды. Осы кезде бірінші болып аға лейтенант К. Мәденовтың взводы кірді. Олар Ратушаның вестибюлі мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, әр бөлмені ұрыспен қабылдауға тура келді".
Жауынгерлік ерлігі үшін Кенжебай Мәденов "Қызыл Жұлдыз" орденімен сондай-ақ басқа да медальдарымен марапатталған.
Ол 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында қайтыс болған.