Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды KzNews.
Президент Ата заңның қабылдану тарихына тоқталып, оның негізін қалауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
"1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті.
Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында баршаға амандық пен табыс тілеп, "Конституциямыздың айбыны асқақ болсын!" деген тілегін жеткізді.