KZNews.kz
Саясат

Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге өз көзқарасын білдірді

Ayzhan Sylanova
Фото: Ақорда

Владимир Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін журналистер Мемлекет басшысынан Қазақстанның Астанада екі ел басшыларын кездестіру мүмкіндігі жайлы сұрады.

«Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста делдал емес және өзін делдал санамайды. Менің ойымша, екі тарап та барлық даулы мәселелерді екіжақты форматта, түрлі деңгейде талқылай алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, соғыс жалғасқан сайын қақтығысқа түрлі аумақтық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси мәселелер қосылып жатыр.

«Иә, қазір ең өзекті әрі күрделі тақырып – аумақтық мәселе. Бірақ оны келіссөздер арқылы шешу әзірге мүмкін болмай тұр, себебі оған қосымша тарихи тақырыптағы даулар да араласып жатыр. Бұл мәселелерде көзқарастар тым алуан түрлі, тіпті оғаш пікірлер де бар. Соған қарамастан келіссөздер жалғасуы қажет. Бұл туралы мен БҰҰ-дағы сөзімде де айттым», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қазақстан қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

«Егер Ресей мен Украина басшылары Қазақстанға келуге ниет танытса, біз келіссөздердің сәтті өтуіне бар жағдайды жасаймыз. Бірақ ең бастысы – жоғары деңгейдегі кездесулер алдын ала мұқият дайындықты талап етеді. Соғыс жалғасып жатқанда, негізгі мәселелер бойынша ортақ мәміле жоқ кезде нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе:

«Біз Украинаның және Ресейдің жоғары деңгейдегі тікелей келіссөздер бастағанын қолдаймыз. Дегенмен, оған дейін өзара түсіністікке қол жеткізу үшін алдын ала дайындық қажет. Қазақстан ресми делдал болмаса да, қажет болған жағдайда жақсы ниетпен кездесулер ұйымдастыруға әзір», – деді ол.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары