Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрылтайдың алғашқы сайлауына белсенді қатысуға шақырып, алдағы саяси науқанның ел тарихындағы маңызына тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президенттің айтуынша, жексенбіде өтетін бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы – елдің болашағына тікелей ықпал ететін тарихи оқиға. Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылып, елдің даму бағыты түбегейлі өзгергенін атап өтті.
«Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаңа саяси институттың құрылуы Қазақстандағы реформалардың жалғасы болмақ. Ол атқарылған жұмыстар аз емес екенін, алайда алда шешімін күткен міндеттердің де жеткілікті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауын өткізу мерзімін партиялардың дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізуіне мүмкіндік беру үшін ертерек жариялағанын айтты. Оның сөзінше, осының нәтижесінде алғашқы сайлау науқаны ашықтық, бәсекелестік және саяси пікір алуандығы қағидаттарына сай өтті.
Сайлауалды кезеңде саяси партиялар өз бағдарламаларын халыққа жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды. Кандидаттар сайлаушылармен кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдарында пікір білдірді. Сонымен қатар жалпыұлттық теледебаттар мен әлеуметтік желілердегі пікірталастар ұйымдастырылды.
Президент азаматтардың саяси ұйымдардың ұстанымдарымен кеңінен танысып, олардың елдің болашағына қатысты ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік алғанын айтты.
«Азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды», – деді ол.
Сайлауалды науқан барысында экономика, әлеуметтік саясат, мәдениет және басқа да маңызды салаларға қатысты түрлі ұсыныстар айтылды. Мемлекет басшысының бағалауынша, бұл Қазақстандағы қоғамдық күн тәртібінің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Тоқаев науқан кезінде жаңа есімдердің саясат сахнасына шыққанын да атап өтті. Оның айтуынша, тың бастамалардың көтерілуі елдегі саяси жаңғыру үдерісінің маңызды белгісі.
Қоғамдық пікірталасқа жастар, кәсіпкерлер мен кәсіби қауымдастық өкілдерінің белсенді араласуы да Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласуы мен қоғамдық мәселелерді талқылауға белсенді қатысуын оң бағалады.
«Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азаматтарды ел тағдырына жауапкершілікпен қарап, Қазақстанның болашағына бейжай қарамауға шақырды. Оның пікірінше, қоғамның белсенділігі мен ортақ жауапкершілігі елдің одан әрі дамуына ықпал етеді.
Құрылтай сайлауы отандық және халықаралық байқаушылардың да назарында болмақ. Олар сайлау күні дауыс беру учаскелеріндегі процесті бақылайды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда «Заң мен Тәртіп» қағидаты берік орныққан, халықтың үніне құлақ асатын және саяси-қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет қалыптастыру мақсаты жалғасатынын айтты.
Президенттің айтуынша, Құрылтайдың алғашқы сайлауы жаңа саяси кезеңнің басталуына негіз болып, елдегі реформалардың одан әрі жалғасуына жол ашуы тиіс.