Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи ресурстары мен өндірістік әлеуеті бойынша Орталық Азияда жетекші орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мүмкіндікті елдің стратегиялық мүддесіне тиімді пайдалану қажет.
"Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлемде аса маңызды минералдар мен материалдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейіп келе жатқанын айтты. Бұл ресурстар жоғары технологиялық өндіріс үшін стратегиялық маңызға ие.
Осыған байланысты Қазақстан қолда бар шикізат қорын ғана емес, оны өңдеу мен өндіріс тізбегін де жүйелі түрде дамытуы керек.
Жиында Үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы, минералдық ресурстарды игеру мүмкіндігі, қайта өңдеу бағыты және осы саладағы негізгі кедергілер туралы есеп берді.
Отырыс қорытындысында Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, саланы дамытуға арналған жүйелі тәсіл қалыптастыру, реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлауды күшейту, өңдеу өндірісін дамыту және техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу міндеті қойылды.
Сондай-ақ зертханалық базаны күшейту, кәсіби кадрлар даярлау және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту тапсырылды.