Алматылықтар жер сілкінісін сезінді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тоқаев елге еңбегі сіңген бес азаматты Ақордада марапаттады

Тоқаев елге еңбегі сіңген бес азаматты Ақордада марапаттады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елдің мәдениеті, ғылымы, мемлекеттік қызметі мен ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мемлекет басшысы олардың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, әрқайсысының ел алдындағы еңбегіне жеке тоқталды.

Көрнекті суретші Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.

Ал белгілі актер әрі театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілсе, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченко «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Президент Бәтима Зәуірбекованың ұлттық мәдениетті дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, суретші отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанды.

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көрнекті ғалым әрі қаламгер Тұрсын Жұртбайдың да ұлт руханиятына қосқан үлесіне тоқталды. Ол ғалымның қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеп, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов және ұлт қайраткерлерінің мұрасын зерделеуге зор еңбек сіңіргенін айтты.

– Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен Александр Судьиннің қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Президент оның Сенат депутаты, Палата төрағасының орынбасары және Сенат аппаратының басшысы қызметтеріндегі еңбегін жоғары бағалады.

– Сіздің кәсіби еңбегіңіз жоғары бағаланып, Отанға адал қызмет етудің үлгісіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығына да ерекше тоқталды.

Президент режиссердің көрермен ықыласына бөленген көптеген қойылымды сахналағанын, кино мен театрда түрлі рөлдерді шебер сомдағанын және бүгінде жас таланттарды тәрбиелеуге үлес қосып жүргенін атап өтті.

Агрономдықтан еңбек жолын бастап, «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысына дейін көтерілген Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласындағы еңбегі де мемлекеттік деңгейде бағаланды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның Алматы облысының ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіне және мәслихат депутаты ретіндегі қоғамдық қызметіне тоқталды.

Марапаттау рәсімінің соңында Мемлекет басшысы елдегі саяси өзгерістерге тоқталып, Қазақстанның жан-жақты жаңғыру жолына түскенін айтты. Президент жаңа Конституцияның қабылдануын ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдердің бірі деп атап, ендігі маңызды саяси кезең – Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы екенін жеткізді.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.