Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн Королімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды kznews.kz.
Тоқаев шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, еліміз қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін айтты. Мемлекет басшысы Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Бахрейн мен басқа да елдердің азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен атқылауға алаңдаушылық білдірді.
Президент Қазақстан жағдайды одан әрі ушықтырмай, қақтығысты диалог және дипломатия жолымен бейбіт түрде шешуді құптайтынын жеткізді. Король Хамад бен Иса Әл Халифа ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса мән бере отырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға ниетті екенін растады.
Қос тарап Қазақстан-Бахрейн арасындағы достық қатынас пен серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізіп, қасиетті Рамазан айында екі ел халқына бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.