НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Немцова. Интервью" бағдарламасы аясында Deutsche Welle-ге сұхбат берді.
Сұхбат барысында журналист Тоқаевтан Нұрсұлтан Назарбаевпен арақатынасы туралы сұрады.
"Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның негізін қалаушы. Ол – Елбасы, зор қызметке лайық. Мен заңды түрде сайланған президент, мемлекет басшысы, жоғары қолбасшымын. Арамызда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Бір-бірімізбен ақылдасатынымызды жасырмаймын. Қос билік жоқ", - деді Тоқаев.
Жанна Немцова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астана атауының Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі туралы сұрақ қойды.
"Астанадағы әуежайға Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілген, 1 желтоқсан –тұңғыш президент күні. Бұл жеке адамға табынушылық емес пе?", - деді ресейлік журналист.
"Жоқ, мен келіспеймін. Михаил Шолохов "жеке тұлғаға табыну болды ма?" деген сауалға: "тұлға болды ғой" деп жауап берген. Нұрсұлтан Назарбаев – ірі тарихи тұлға", - деді Қазақстан президенті.