Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентер жазбасын бөлісті. Өнер иесі 1991 жылы өткен жеке концерті кезінде өзіне ақ батасын берген Роза Бағланованы ерекше ілтипатпен еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әнші сол жылдардағы бейнежазбаны жариялап, ұлы өнер иесіне деген ризашылығы мен сағынышын білдірді:
"Жан апамның 1991 жылы менің жеке концертімде жанды дауыспен ән айтып, маған берген ақ батасы еді. Топырағыңыз торқа болсын, ұрпағыңыз мың жасасын", – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Желі қолданушылары халықтың сүйікті әншісінің бұл жазбасына жылы пікір қалдырып, оның аға буынға деген құрметіне тәнті болғандарын білдірді. Көпшілігі Мақпал Жүнісованың «өткенге тағзым ете білетін өнер иесі» екенін атап өтті.
Роза Бағланованың өмірі мен өнер жолы
Роза Бағланова (1922-2011) –қазақтың ұлы әншісі, Халық қаһарманы, ұлттық сахна өнерінің мәңгілік жұлдызы. Ол еңбек жолын Ташкент филармониясынан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында концерттер беріп, жауынгерлердің рухын көтерді.
1945 жылы Берлиндегі Жеңіс концертінде қазақ әнін асқақтата шырқаған Бағланова кейін Қазақ опера және балет театрында, Жамбыл атындағы филармонияда, "Қазақконцерт" ұйымында қызмет етіп, ұлттық ән өнерін жаңа деңгейге көтерді.
Ол қазақтың халық әндерімен қатар, шетелдік туындыларды да тамаша орындап, халықаралық фестивальдерде жеңімпаз атанды. Өз еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталып, 1996 жылы «Халық қаһарманы» атағына ие болды.
2011 жылы Алматыда өмірден өткен Роза Бағланованың есімі бүгінде туған жеріндегі және Алматыдағы мәдениет нысандарына берілген, ал ескерткіштері ел құрметінің символына айналды.