"Мұғалімдерге негізсіз қысым жасауға болмайды": Оқу-ағарту министрі мәлімдеме жасады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Qarmet металлургиялық комбинатын газға көшіру қоршаған ортаға зиянды 30% азайтуға мүмкіндік береді - Тоқаев

Qarmet металлургиялық комбинатын газға көшіру қоршаған ортаға зиянды 30% азайтуға мүмкіндік береді - Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Мемлекет басшысы Теміртау қаласында жаңартылған трамвай желісінің жұмысымен танысып, Qarmet металлургия комбинатының өндірістік нысандарын аралады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тоқаев Qarmet комбинатындағы жаңғырту жұмыстарымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды.

Мемлекет басшысына кәсіпорынның №3 домна пешінің жұмысы көрсетілді. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі.

Компания басшылығы өндірісті дамытуға 3,5 миллиард доллардан астам инвестиция қарастырылғанын хабарлады. Бұдан бөлек, Көмір департаментіне 500 миллион доллар, Темір рудасы департаментіне 978 миллион доллар көлемінде қосымша қаржы салу жоспарланған.

Биыл комбинаттағы 100-ден астам нысанды жаңғырту жұмыстары басталған. Атап айтқанда, 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылып, 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілуде.

Компанияның жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентраты өндірілмек. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 66 пайызға жоғары.

Тоқаев комбинатты табиғи газға көшіру қоршаған ортаға келетін зиянды бастапқы кезеңде 30 пайызға азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ өндіріс қауіпсіздігін күшейтіп, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жобаларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, Qarmet-тің бұрынғы өндірістік әлеуетін қалпына келтірумен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелеріне де басымдық берілуі керек.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жастарға арналған робототехника, бағдарламалау, дрон басқару және журналистика үйірмелері жұмыс істейтін Qarmet Креативті технологиялар орталығын аралады. Сондай-ақ кәсіпорын жұмысшыларымен және ардагерлерімен кездесті.

Тоқаев Теміртауды трамваймен аралады

Президент Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтті. Сапар барысында ол жаңартылған көлік инфрақұрылымының жағдайын және қоғамдық көліктің жұмысын көрді.

Трамвай қатынасын Qarmet компаниясы екі жыл бұрын қала тұрғындарына қайта ұсынған. Содан бері бұл көлік түрі миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.

Жоба аясында қаладағы 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, жаңадан сегіз заманауи вагон сатып алынған. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін электронды төлем жүйесі енгізілген. Ал Qarmet қызметкерлері мен кәсіпорын ардагерлері трамваймен тегін қатынайды.

Компания басшылығымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауда трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, трамвай – металлургтер қаласының тарихы мен бүгінін байланыстыратын көлік түрі. Ол кәсіпорын басшылығына қала инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет екенін еске салды.

«Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Qarmet-тің конвертер цехын аралады

Бұдан кейін Президент Qarmet металлургия комбинатының конвертер цехының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысына болат өндіру үдерісі көрсетілді. Атап айтқанда, домна пешінде балқытылған шойынның құрышқа айналуы, одан кейін үздіксіз құю қондырғысына және илемдеу өндірісіне жіберілуі түсіндірілді.

Компания 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіп, олардың корпустарын толық ауыстырған. Жаңғырту нәтижесінде өндіріс қуатын арттыру, өнім түрлерін көбейту және жабдықтардың сенімділігін жақсарту көзделген.

Сонымен қатар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Президентке өндірістік көрсеткіштер мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы баяндады.

2026 жылдың қорытындысы бойынша компания 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр.

Компания жұмысы басталғаннан бері өндірісті жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысандар салуға 2,7 миллиард доллардан астам инвестиция салынған.

Теміртауда жаңа кокс батареялары салынып жатыр

Мемлекет басшысына Qarmet компаниясының №8 және №9 жаңа кокс батареяларын салу жобасы да таныстырылды.

Бұл – кәсіпорынның ірі инвестициялық жобаларының бірі. Жоба аясында комбинатта соңғы бірнеше онжылдықта болмаған ауқымды жаңа кокс өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

Жобаның бас технологиялық серіктесі – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясы.

Екі жаңа батареяның жалпы жобалық қуаты жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді. Әр батареяда биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пеші жұмыс істейді.

Жаңа өндіріс домна пештерін отандық кокспен тұрақты қамтамасыз етуге, өнім сапасын жақсартуға және экологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жаңа батареялар 1960–1970 жылдары пайдалануға берілген ескі өндірістік қуаттардың орнын басады. Оларды келесі жылы іске қосу жоспарланған.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда кокстеу өнімдерін терең өңдейтін алғашқы көмір-химия кешені құрылады.

Айта кетейік, Qarmet – толық өндірістік циклі бар Қазақстандағы ірі тау-кен металлургия компанияларының бірі. Кәсіпорында шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Оның 14 мыңнан астамы Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі