Президент стратегиялық мақсат Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру, жаһандық білім нарығының, соның ішінде өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін. Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды. Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы көп жыл бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды", - деді Тоқаев.
"Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты. Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды", - деді Президент.