Жаңа бағыттың ашылу рәсіміне Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасын кеңейту мәселесі бұған дейін жоғары деңгейдегі келіссөздерде көтерілген еді. 6 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен кездесуінде қосымша тікелей коммерциялық рейстер ашылса, қазақстандықтардың Оманға сапары көбейетінін атап өткен.
Сол күні қабылданған бірлескен мәлімдемеде екі ел басшылары тікелей әрі тұрақты әуе қатынасын мүмкіндігінше жедел дамыту маңызды екенін мәлімдеді. Оның іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні айтылды. Сапар аясында Қазақстан мен Оман үкіметтері арасында әуе қатынасы туралы келісімге де қол қойылды.
Ерболат Байсалықовтың айтуынша, Салалаға рейстердің ашылуы – әуе компаниясының Таяу Шығыстағы бағыттар желісін кеңейтудегі маңызды қадам. Компания жаңа рейстер екі ел арасындағы туризммен қатар іскерлік және мәдени байланысты дамытуға мүмкіндік береді деп күтеді.
Әуе компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, Астанадан Салалаға KC8269 рейсінің ұшу уақыты – 08:47, жету уақыты – 14:14. Кері бағыттағы KC8270 рейсі Салаладан 16:00-де ұшып, Астанаға 23:25-те келеді. Барлық уақыт жергілікті уақытпен көрсетілген.
Бір күн бұрын, 23 қазанда Алматыдан Салалаға да алғашқы тікелей тұрақты рейс орындалды. Бұл бағыттағы ұшулар жұма сайын жүзеге асырылады. Әуе компаниясының хабарлауынша, Алматыдан аттанған алғашқы ұшақтағы орындар толық болған.