Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, Кеңес төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар мәселеге тоқталды.
Төрағаны кеңес мүшелері жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Кандидат мүшелердің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысын жинауы тиіс. Сайлау отырысы заңды болуы үшін оған кеңес құрамының кемінде төрттен үші қатысуы қажет. Төраға төрт жылға сайланады, бір адам бұл қызметті екі реттен артық атқара алмайды.
Төраға кеңес жұмысына басшылық жасап, сессияларды шақырады, күн тәртібін айқындайды және отырыстарға төрағалық етеді. Сондай-ақ кеңес мүшелері арасынан екі жыл мерзімге орынбасарларын тағайындайды.
Қазақстан Халық Кеңесі — халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның құрамына 126 адам енген: этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдардан, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 өкілден. Кеңес ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеп, Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады және бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.