Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемнің ең ықпалды 500 мұсылманы» саналатын The Muslim 500 халықаралық рейтингіне енді. Мемлекет басшысы 2027 жылғы тізімде «Саясат» санаты бойынша көрсетілген, деп хабарлайды kznews.kz.
Басылым Президент өкілеттігінің шектелуі, жақын туыстарына жоғары мемлекеттік және квазимемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынуы, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы сайлауда 81,31 пайыз дауыс жинап, жеті жылдық мерзімге сайланғанын атап өткен.
Сонымен қатар рейтинг авторлары Қазақстанның конфессияаралық диалогты дамытудағы рөлін, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін және мұсылман әлемімен байланысын нығайту бағытындағы бастамаларын жоғары бағалаған.
Айта кетейік, The Muslim 500 жобасы әлемдегі мұсылман қауымдастығына ықпалы зор тұлғаларды анықтайды. 2027 жылғы рейтингтің ерекшелігі – алғашқы орынды бес көшбасшы бөліскен.