Жетісайда тойда уағыз айтқаннан кейін қамауға алынған 66 жастағы ер адамның қызы көпшілікке үндеу жасады. Ол әкесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған пікірлермен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қарияның қызы Наргизаның сөзінше, әкесі Қуатбек ешқашан радикалды көзқарасты ұстанбаған және ешкімді экстремизмге шақырмаған.
«Әкем Қуатбек ешқандай радикал емес. Ешқашан ешкімді экстремизмге шақырмаған және діни топ құрмаған», – деді ол.
Наргиза әкесінің соңғы жылдары бірнеше ауыр жағдайды бастан өткергенін жеткізді. Оның айтуынша, қарияның екі ұлы сотталған, ал биыл қаңтарда үлкен ағасы қайтыс болған. Бұдан бөлек, әкесі қыста жансақтау бөліміне түскен.
Сондай-ақ ол бірнеше жыл бұрын ауыр жол апатына ұшырап, басына күрделі нейрохирургиялық ота жасатқан. Қызының айтуынша, әкесі әлі күнге дейін ем қабылдап жүр және жүрек ауруынан да зардап шегеді.
Наргиза осы жағдайлардың барлығы әкесінің эмоциялық және психологиялық жағдайына әсер еткен болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы уақытта қария кейбір сөздерді ойланбастан айтып қойып, кейін ғана есіне түсіретін жағдайлар болған.
Қызының айтуынша, әкесі интернеттен исламдағы музыканың орны туралы видео көрген. Кейін жиен қарындасының тойында сол тақырыпқа қатысты ойын уағыз түрінде айтқан.
Наргиза тойға қатысқан әнші Роза Әлқожа әкесінің сөйлеп тұрған сәтін әлеуметтік желіге оның рұқсатынсыз жариялады деп мәлімдеді. Дегенмен ол әкесінің атынан әншіден кешірім сұраған.
Қазіргі уақытта қария қамауда отыр. Қызының сөзінше, отбасы оның мүддесін қорғайтын адвокат табуда қиындыққа тап болған.
«Ешқандай адвокаттар араласқысы келіп тұрған жоқ. Барлығы қорқады. Біз кімнің неден қорқып жатқанын білмейміз», – деді Наргиза.