Қазақстандық Дурдона Хабибова сегіз баласымен далада қалмақ. Күйеуі қамауға алынғаннан кейін көпбалалы ананың жағдайы күрт қиындап кеткен. Қазір оның пәтерақы төлеуге де, азық-түлік алуға да шамасы жоқ. Балаларының бірі ерекше диагнозбен ауырады және тұрақты күтім мен дәрі-дәрмекке мұқтаж. Келіншек 16 жасында тұрмысқа шыққан. Арнайы білімі де, тұрақты жұмысы да жоқ. Күйеуінің ісімен айналысатын адвокаттың ақысын да төлей алмайтынын айтып, сегіз баласымен далада қалудан қорқатынын жеткізді.
Дурдона Хабибованың жасы 29-да. Ол – сегіз баланың анасы. Үлкені он екі жаста болса, кенжесі небәрі 1-де. Балаларының бірі ерекше диагнозбен ауырады. Күйеуі темір торға тоғытылғаннан кейін келіншектің тұрмыстық жағдайы күрт қиындаған. Қазір тұрып жатқан пәтерінің ақысын төлей алмағандықтан, ол баспананы босатуға мәжбүр. Енді көпбалалы ана сегіз баласымен далада қалуы мүмкін.
“Сегіз баламмен далада қалудың алдында тұрмын. Балаларым жан-жақтан жылағанда не істерімді білмей кетемін. Қазір тұрып жатқан үйдің жалдау ақысын төлемек түгілі, нан алуға да ақшам жоқ. Кейде аш қалатын күндеріміз де болады. Тоңазытқышта түк жоқ. Қазір ұйқымнан айырылдым. Күйеуім уақытша қамауда отыр. Бұл біздің отбасы үшін ауыр соққы болды. Осы уақытқа дейін отбасымызды күйеуім асырап келген еді. Енді бар ауыртпалық менің мойныма түсті. Қатты қиналып кеттім", – дейді Дурдона Хабибова.
Келіншектің айтуынша, күйеуінің ісімен айналысып жатқан адвокаттың қызмет ақысын төлеуге де шамасы жетпейді. Сондықтан ол жолдасы әділетсіз жазаға тартылып кете ме деп алаңдайды. Осы уақытқа дейін күйеуіне арқа сүйеп келген Дурдона мұндай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойламағанын айтады. Бұрын тұрақты жұмыс істемеген көпбалалы ана енді алдағы өмірін қалай жалғастырарын да білмей дал. Тіпті ол күйеуінің нақты қандай бап бойынша жауапқа тартылып жатқанын да айта алмады.
“Күйеуімді қамауға алып кеткен кезде тоғызыншы балаға жүкті едім. Қатты уайымның салдарынан түсік тастадым. Балаларым кезек-кезек ауырып жатыр. Тіпті күйеуімнің нақты не үшін жауапқа тартылып жатқанын да білмеймін. Қазір адвокат та ақша төлемесек, істі әрі қарай жүргізбейтінін айтты. Егер жолдасым сотталып кетсе, мен сегіз баламмен далада қаламын. Оларды асырауға шамам жетпейді. Сот шешім шығарғанда біздің жағдайымызды ескерсе екен деймін. Мен өтірік айтып тұрған жоқпын. Тіпті, үйде жейтін нанымыз да жоқ", – дейді келіншек.
.
Дурдона 16 жасында тұрмысқа шыққан. Оның арнайы білімі де, тұрақты жұмысы да жоқ. Айтуынша, ата-анасы одан теріс айналған. Ал күйеуінің де жақын туыстары жоқ екен. Қазір көпбалалы ана бар қиындықпен жалғыз күресіп отыр. Оның үстіне, сегіз баласының біріне ерекше диагноз қойылған. Балаға тұрақты түрде ерекше күтім жасап, қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет.
“Қазір халықтан басқа ешкімнен көмек сұрай алмаймын. Балаларым үшін бар ұятымды ысырып қойып, ел алдына шығып отырмын. Көпшілік маған “неге көп бала тудың?” деп кінә тағады. Бірақ бұл – Құдайдың бергені. Әрине, кейде оларды асырай алмай отырғаным жаныма қатты батады. Бірақ қолдан келер амал жоқ. Соңғы рет қашан тыныш ұйықтағаным есімде де жоқ. Жынданып кетудің алдында тұрғандаймын. Балаларым шулап жылаған сайын айғайлап кететінді шығардым. Мені көпбалалы аналар түсінетін шығар. Үлкен ұлым мен ашуланып сөйлеген сайын үндемей, тұйықталып қалады. Сондай сәтте жүрегім ауырады. Қазір бар ауыртпалықты 12 жастағы балам көтеріп жүр. Кішкентайларға қарап, бағып-қағып, киіндіреді. Кейде оның да әлі бала екенін ұмытып кетемін", – дейді келіншек.
Келіншекке қазір сегіз баласымен далада қалу қаупі төніп тұр. Бүгінде ішер асқа мұқтаж бұл отбасының ертеңгі тағдыры белгісіз.