KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Теміртауға берілген уәде іске асты: Президент газдандыру мен трамвай қатынасының нәтижесімен танысты

• Ілияс Тұрсынхан
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, Теміртауда жаңартылған трамвайға мінді. Сапар Мемлекет басшысының екі жыл бұрын қойған міндеттерінің қалай орындалғанын көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz

Екі жыл бұрынғы тапсырма

2024 жылғы 14 тамызда Qarmet металлургиялық комбинатында болған Президент кәсіпорынды табиғи газға ауыстырудың маңызын атап өткен еді. Бұл қадам алғашқы кезеңнің өзінде комбинаттың қоршаған ортаға әсерін 30 пайызға төмендетеді. Сол сапарда Теміртауда күзде экологиялық таза көлік түрі ретінде трамвай қайта жүретіні де белгілі болды. Мемлекет басшысы комбинаттың бұрынғы абыройын қалпына келтіру мен әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беру керегін айтты.

Газ қалаға да, комбинатқа да жетті

2026 жылдың қаңтарында Теміртау Қарағанды облысында газдандыру жобасы толық аяқталған алғашқы қала болды. Бес жыл ішінде тарату желілерінің үш кезегі салынды. Олар сегіз іске қосу кешенінен тұрады, барлығы 215 шақырым құбыр төселді. Соның арқасында 6 мыңға жуық жеке үйдің тұрғындары көгілдір отынды пайдалана алатын болды. Бүгінде желіге 2 200-ден астам нысан қосылған. Тағы 2 900-ге жуық абонент техникалық шарт алып, пештің орнына газ қазандығын орнатуға дайындалып жатыр.

Газ комбинатқа да тартылды. Qarmet-тің домна өндірісі толық газға көшті, шойын балқытатын үш пештің үшеуі де енді газбен жұмыс істейді. Бұл металлургтерге мазут пен тас көмір коксын тұтынуды едәуір азайтуға мүмкіндік берді, қаланың экологиялық ахуалы да жақсарды.

Трамвай қайта жанданды

Мемлекет басшысы бүгін Республика даңғылымен «Инженерная» аялдамасына дейін трамваймен жүріп, атқарылған жұмыстың сапасын өзі бағалады. Трамвай қатынасын Qarmet компаниясы 2024 жылы қалпына келтірген. Содан бері жолаушылар 1 миллионнан астам сапар жасады. Қалада 30 шақырым жол жөнделіп, ауыстырылды, 8 жаңа заманауи вагон сатып алынды. Жол ақысын электронды түрде төлеуге болады, ал Qarmet қызметкерлері мен ардагерлері тегін жүреді.

Qarmet басшылығымен болған қысқа әңгімеде Президент трамвай қатынасының қайта жанданғанын жоғары бағалады.

– Шынында да, трамвай Теміртау үшін – уақыт байланысы. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіруді талап еткені де, сіздердің оған құлақ асқандарыңыз да дұрыс. Сіздер комбинатқа келген кезде мен Теміртауды абаттандырумен міндетті түрде айналысу керектігін айтқан едім. Қала қараусыз қалған еді. Мұнда әлі де атқарылатын жұмыс көп, бірақ бастама жасалды. Теміртау тұрғындары газбен қамтамасыз етілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымының көңіл-күйі көтерілгенін, адамдар оң өзгерістерді байқап отырғанын да айтты.

– Біз комбинатты міндетті түрде прогрестің, табыстың, тіпті, айта аламын, өркендеудің символына айналдырамыз, – деді Президент.

Ілияс Тұрсынхан
Ілияс Тұрсынхан
Автордың басқа материалдары →