Санжар Керімбайдың сөзінше, қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендеуін тек телефон мен әлеуметтік желіден көру дұрыс емес. Оның пікірінше, бұл мәселеге білім беру жүйесі мен оқулықтардың мазмұны да әсер етуі мүмкін.
«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы ағартушы, баспагер Санжар Керімбай қазіргі ұрпақтың білімге, кітап оқуға деген қызығушылығы және ағартушылық бағыттағы мәселелер жөнінде ойын бөлісті. Ол ұлттың тарихын, әдебиеті мен мәдениетін түгендеудегі баспагер мен қаламгердің жауапкершілігіне де тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz
«Қазіргі жастар кітап оқудан кетіп қалғаны, телефонға көп телміретіні соншалық, қазір мемлекет жастарды кітап оқуға баулитын түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Алайда кейде мұндай шаралар есеп үшін де жасалып жатқандай көрінеді. Яғни, “міне, кітап оқып жатырмын” деп суретке түсіп, одан кейін кітапты лақтырып жіберетіндер бар. Яғни қазіргі жастарды әдебиетке тарта алмай жатырмыз. Мен мұның бәріне оқулықтың да әсері бар ма деп ойлаймын», – деді ол.
Ағартушының айтуынша, баланың кітапқа деген қызығушылығын қалыптастыру үшін оған тек «кітап оқы» деп талап қою жеткіліксіз. Керісінше, баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына сәйкес келетін шығармаларды ұсынып, кітапты мәжбүрлі міндет емес, таным мен қызығушылықтың құралы ретінде көрсету маңызды.
Сұхбат барысында қазақ баласының білім алуға деген көзқарасы, қазіргі білім беру жүйесінің басымдықтары және қоғамның бала тәрбиесіне қоятын талабы да сөз болды. Бүгінде балалардың белгілі бір мамандық алып, тез арада ақша табуына басымдық беріліп, олардың рухани және интеллектуалдық дамуы екінші орынға ысырылып жатқан жоқ па деген мәселе көтерілді.
«Қазақтың баласын білім алатын ұрпақ емес, ақша табатын машинаға айналдырып жатқан жоқпыз ба?»деген сауал да әңгіме барысында қозғалды.
Сонымен қатар тарихы терең, мазмұны бай қазақ әдебиетінің бүгінгі жағдайы, оқырман мен кітап арасындағы байланыстың әлсіреу себептері талқыланды. Қазақ әдебиетін жастарға жақындату үшін қандай шығармаларды ұсыну керек, мектеп оқушысына кітапты қалай сүйікті әдетке айналдыруға болады деген мәселелер де назардан тыс қалмады.
Санжар Керімбай ұлттың тарихи жадын, әдебиеті мен мәдениетін сақтауда баспагер мен қаламгердің де үлкен жауапкершілігі бар екенін атап өтті. Өйткені оқырманға ұсынылатын әрбір кітаптың мазмұны, тілі мен сапасы оның дүниетанымына әсер ететіні анық.
Бағдарламада балаларға кітап оқытудың тиімді жолдары, қазіргі оқулықтардың мазмұны, қазақ әдебиетінің насихатталуы және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.