Ағартушы, жазушы Санжар Керімбай әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ең алдымен ұл бала тәрбиесіне мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол «Айтарым бар» подкастында қазіргі қоғамда ер балаларды тәрбиелеуге арналған дәстүрлі тәсілдердің әлсіреп кеткенін сөз етті.
Жазушының пікірінше, ер азаматты есейгеннен кейін тәрбиелеу қиын. Сондықтан бала кезінен оның бойына жауапкершілік, ар-намыс, еңбекқорлық пен үлкен мақсатқа ұмтылу қасиеттерін сіңіру қажет.
«Ер азаматтың ішінде ат басындай шер қатады. Көкірегіңде арман болмаса, бір қыздың сорына бітесің. Осы бастан ұлы мұратты көздеп үйреніңдер», – деді ол.
Санжар Керімбай ұл баланың дүниетанымын қалыптастыруда әдеби шығармалар мен тарихи тұлғалардың өмірін танытудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бала өскен сайын ертегіден тарихи деректер мен нақты тұлғалардың тағылымына ауысуы керек.
Сонымен қатар ол ұлдарды шектен тыс еркелетіп өсіру де дұрыс емес деген пікір білдірді. Ағартушы жауапкершілік пен еңбекке баулудың отбасыдан басталатынын айтып, тәрбиеде ер балаға талап қоя білудің қажеттігін жеткізді.
«Балаңды аясаң, аяма. Ұл балаларды қысып өсіру керек», – деді Санжар Керімбай.
Оның сөзінше, қоғамда зорлық-зомбылық фактілерінің салдарымен ғана емес, оның алдын алуға мүмкіндік беретін тәрбие мәселесімен де жүйелі түрде айналысу қажет.