Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы тек өзіне достас елдердің кемелеріне өтуге рұқсат берді. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан секілді елдер "достас мемлекеттер" ретінде қарастырылып, олардың кемелеріне бұғаздан өтуге мүмкіндік берілген.
"Біз бұл бұғазды қарсылас елдерге пайдалануға берудің еш мәні жоқ деп есептейміз", – деген Аракчидің сөзін "Аль-Алям" телеарнасы келтіреді.
Сондай-ақ Иран тарапы Ормуз бұғазы АҚШ пен Израильге тиесілі немесе олармен байланысты кемелер үшін жабық екенін атап өтті.
Министрдің мәлімдеуінше, қарсы тарап басқа елдер арқылы бұғазды ашуға әрекет жасағанымен, бұл талпыныстар сәтсіз аяқталған. Қазіргі уақытта бұғаз тек "жау елдердің" кемелеріне жабық күйінде қалып отыр.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Иран бұғаз арқылы өту үшін кейбір тасымалдаушылардан ақы алуды енгізуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Сонымен қатар транзитті арнайы рұқсат арқылы жүзеге асыру жүйесін іске қосу жоспарланып отырғаны айтылған.
Айта кетейік, АҚШ ұсынған бейбіт жоспардың бір тармағында Ормуз бұғазы барлық елдер үшін ашық болуы тиіс екені көрсетілген. Алайда Тегеран бұл талапты "логикаға сай емес" деп қабылдамай тастаған.