KZNEWS.KZ
Қоғам

Тәуелсіздік тарихындағы 14 трагедия: аза тұту күні неге көбейді?

Фото: ашық дереккөздерден

Жалпы, бұл жай ғана қаралы даталардың тізімі емес. Әр аза тұту күні елдегі қауіпсіздік жүйесінің белгілі бір әлсіз тұсын көрсетті.

2006 және 2008 жылдары шахтадағы апаттар кен өндірісіндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. 2010 жылғы Қызылағаш апаты төтенше жағдайларға дайындықты алға шығарды. 2012–2013 жылдардағы әскери және авиациялық оқиғалар тиісті салалардағы қауіпсіздікке қатысты сұрақтар туғызды. 2016 жылғы Ақтөбе оқиғасы терроризм қаупін көрсетті.

2019 жылғы Bek Air ұшағының апаты авиация қауіпсіздігін қайта күн тәртібіне шығарса, 2020 жылғы аза тұту күні COVID-19 пандемиясының құрбандарына арналды. 2021 жылғы Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысы әскери нысандардағы қауіпсіздікке қатысты мәселені көтерді.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы азаматтар мен күштік құрылым өкілдерінің қазасына байланысты ұлттық трагедияға айналды. 2023 жылы "Семей орманы" аумағындағы өрттен 14 орманшының қаза болуы және Костенко шахтасындағы апат тағы да еңбек пен өндірістік қауіпсіздік мәселесін көрсетті.

Ал биылғы 25-қыркүйектегі аза тұту осы қатардағы 14 - қаралы күн болып отыр. Бұл жолы трагедия Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болды.

Қысқасы, ел Тәуелсіздігі тарихындағы 14 рет аза тұту күнінің жариялануы Қазақстан үшін қайғылы статистика ғана емес, қауіпсіздік жүйесіне қойылған 14 сұрақ іспетті...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →