Тараз қаласында жолаушылар автобусының жүргізушісіне ер адам пышақпен шабуыл жасады. Оқиға сәті түсірілген видео Aulieata media парақшасында жарияланды.
Куәгерлердің айтуынша, мас күйдегі жолаушы автобус жүргізушісінен маршрут бойынша жүрісті жалғастыруды талап еткен. Алайда автобустың жұмыс уақыты аяқталғандықтан, жүргізуші қозғалысты тоқтататынын айтқан. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан.
Төбелес барысында 40 жастағы ер адам 59 жастағы автобус жүргізушісін пышақпен жаралаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен.
"Күдікті бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жараланған жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен жүргізушінің жағдайы әзірге нақтыланбаған.