KZNEWS.KZ
Қоғам

Тапқырлығы құтқарды: Астанада жолаушыны қорқытқан такси жүргізушісі ұсталды

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Астанада такси жүргізушісі жолаушы қыздың сапар кезіндегі тиісу туралы жазбасынан кейін ұсталды. Жолаушының айтуынша, ер адам бас тартқанына қарамастан, оған жыныстық қатынас ұсынып, мекенжайға айналма жолмен барған. Полиция 42 жастағы ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz

Алайда, қыздың айтуынша, достары көліктен түсіп қалғаннан кейін жүргізуші оның жеке өмірі туралы сұрақтар қоя бастаған. Ол бас тартқанына қарамастан, ер адам өз дегенінен қайтпай, қысқа жолдың орнына айналма жолмен жүрген.

"Ол маған ашықтан-ашық жыныстық қатынасқа түсуді ұсынды. Артқы орындыққа қасыңа барып отырып, сені еркелетсем, саған ұнайды, содан кейін міндетті түрде менімен бірге болғың келеді деді", - делінген жазбада.

Қыз бұл жағдайдан құтылу үшін жүргізушінің ұсынысына келіскендей сыңай танытып, дүкеннен темекі алып келуді өтінген. Көлік тоқтаған кезде ол құрбысына қоңырау шалған. Осыдан кейін жүргізуші райынан қайтып, жол ақысы ретінде 1000 теңге аударуды сұраған.

Біз бұл жағдайға қатысты пікір алу үшін inDrive баспасөз қызметіне жүгіндік. Компания өкілдері құқықбұзушылық туралы хабарламаларға үлкен жауапкершілікпен қарайтындарын және жолаушылар қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол берілмейтінін айтты.

Сондай-ақ аталған жазба бойынша тексеріс басталғаны атап өтілді.

"Оқиға туралы ақпарат шыға салысымен біз тексеріс бастап, мән-жай анықталғанша жүргізушінің аккаунтын бұғаттадық. Біздің жүйеде бұл жағдай бойынша өтініш тіркелмеген. Оқиғаның егжей-тегжейін білу үшін жазба авторымен бірнеше рет байланысуға тырыстық, бірақ әзірге тікелей байланыс орнату мүмкін болмады. Тексеріс жалғасып жатыр, нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады", - деп хабарлады компания.

Сондай-ақ компания сапарға тікелей қосымша арқылы тапсырыс беру мұндай жағдайларды тезірек шешуге мүмкіндік беретінін еске салды, себебі жүйеде сапар туралы барлық дерек сақталады.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізуші жеке басы анықталғанын атап өтті.

"Аталған факті бойынша 42 жастағы ер адам анықталып, полицияға жеткізілді. Оған қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін заңда белгіленген тәртіппен сотқа жолданды", - деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, қыркүйекте Алматы әуежайынан 2 мың теңгеге жолға шыққан аустралиялық турист үшін такси құны 32 мың теңгеге дейін өсіп, соңы бопсалауға ұласқан. Ол кезде полиция жүргізуші табылып, жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →