2007 жылы Ростов облысында орман алқабынан екі кішкентай қыздың қатыгездікпен өлтірілген денесі табылды. Кейін олардың туған әпкелі-сіңлі екені анықталды: үлкені – сегіз жаста, кішісі – небәрі үш жаста болған. Күдікке іліккен адам балалар табылған жерге жақын қалада тұратын ер адам болды, деп хабарлайды kznews.kz "Комсомольская правда" басылымына сілтеме жасап.
Тергеу барысында оның такси жүргізушісі екені белгілі болды. Михаилды жұрт үлгілі отағасы ретінде таныған — ол дәл сол жастағы екі қызды тәрбиелеп отырған.
Құқық қорғау органдары ұсынған қылмыс нұсқасы оның жақындарын да, таныстарын да есеңгіретіп тастады. Тергеушілердің айтуынша, бұл кездейсоқ әрекет болмаған. Ер адам қылмысты алдын ала мұқият жоспарлаған. Ол үш көлік дайындаған: бірін әйелінен, екіншісін достарынан алған. Бірінші көлікпен құрбандарды алдап отырғызуды, екіншісімен оларды алып кетуді, ал үшінші көлікпен қашып кетуді көздеген. Тергеуді шатастыру үшін бөтен биологиялық іздері бар контрацепция құралын да дайындаған. Тіпті жалған оқиға ойластырып, таныс әйелден белгілі бір уақытта өз телефонына қоңырау шалуды сұраған.
Ол аулаларды аралап жүріп, өзін «балаларға арналған фильмге актриса іздеп жүрген режиссермін» деп таныстырған. Сенім ұялату үшін түрлі-түсті жарнамалық парақшалар да басып шығарған.
Алайда алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды. Бір қызды алдап көндірмек болғанымен, ол бейтаныс адаммен бірге жүруден үзілді-кесілді бас тартқан. Осыдан кейін Михаил ол жерден кетіп қалған.
Кейін ол екі жыл бұрын танысқан сегіз жастағы Аняны есіне түсіріп, сол үйге қайта барған. Сол күні Аня мен оның сіңлісі Таняны анасы дүкенге жіберген, бірақ қыздар жолда ойнап қалып қойған. Михаил оларды көлігімен жеткізіп тастауды ұсынған. Бұрыннан таныс болғандықтан, Аня қорықпай, сіңлісімен бірге көлікке отырған. Ер адам оларды қала сыртындағы орман алқабына апарып, алдымен кішкентай қызды өлтірген, кейін үлкеніне зорлық көрсетіп, оны да өлтірген.
Қылмыскер мәйіттердің жанына бөтен биологиялық іздер қалдырып, алдын ала дайындап қойған үшінші көлікке мініп, оқиға орнынан кеткен. Сол күні ол үйіне оралып, ештеңе болмағандай отбасымен уақыт өткізген.
Алайда Михаил қылмыстың куәгерлері болғанын білмеген. Оқиға болған сәтте жақын маңда студенттер демалып жүрген. Олар бұталардың арасынан жартылай жалаңаш ер адамды көріп, балалардың айқайын естіген, бірақ қорқып, араласпаған әрі полиция шақырмаған.
Кейін бұл іс бүкіл өңірге тараған соң, студенттер анонимді түрде құқық қорғау органдарына хат жазған. Сол арқылы күдіктінің фотороботы жасалды.
Алғашында бөтен биологиялық іздер тергеуді шатастырған. Михаил фотороботқа ұқсастығы үшін назарға іліккенімен, оның тапсырған сараптамалары сәйкестік көрсетпеген. Кейін қылмыскердің әдейі жалған дәлел қалдырғаны анықталды.
Күдіктіні бірнеше адам таныған: орманнан шығып келе жатқанын көрген куәгер, қыздарды көлікке отырғызған сәтті байқаған бала, сондай-ақ ер адаммен бірге барудан бас тартқан қыз.
Тінту барысында оның үйінен балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық сипатындағы материалдар табылған. Маңызды дәлелдердің бірі — қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын түсірілген бейнежазба болды. Онда таксидің ішінде Аня отырғаны анық көрінген.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралып, олар айыптау үкімін қолдады. Михаил өмір бойына қатаң режимдегі колонияға сотталды.
Үкім жарияланған кезде ол кінәсін мойындамай, айқайлаған:
— Мен кінәлі емеспін! Бұл қасақана жасалған! Мен дұрыс адаммын! — деп өзін ақтауға тырысқан.