Қанат Ислам Қазақстанның бокстан ерлер U19 құрамасының үйлестірушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді.
Қанат Ислам 1984 жылы дүниеге келген. Ол – кәсіпқой бокста танылған спортшы, WBA FedeCaribe нұсқасы бойынша чемпион атанған.
Әуесқой бокста Қытай құрамасы сапында өнер көрсетіп, Бейжің Олимпиадасында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында қола жүлдеге ие болған.
2010 жылдан бері Қазақстан азаматы. Сонымен қатар "Астана Арландары" клубының құрамында өнер көрсеткен.
Кәсіпқой мансабында 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сін нокаутпен жеңіспен аяқтаған.
Енді Қанат Ислам отандық бокста жастар құрамасының жұмысын үйлестіріп, халықаралық аренадағы нәтижелерді жақсартуға атсалысатын болады.