Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев Халықаралық зағиптар спорт федерациясының (IBSA) Атқарушы кеңесінің мүшесі болып тағайындалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тиісті шешім 2026 жылғы 3 тамызда ұйымның Атқарушы кеңесі өткізген отырыста қабылданған. Тағайындау IBSA Жарғысының 6.13-бабына сәйкес жүзеге асырылды.
IBSA – көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында спортты дамытуға бағытталған жетекші халықаралық ұйымдардың бірі. Федерация бүгінде әлемнің 100-ден астам еліндегі ұлттық спорт ұйымдарын біріктіріп, халықаралық жарыстарды ұйымдастырумен және параспортты дамытуға арналған бастамаларды үйлестірумен айналысады.
Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің мәліметінше, Қайрат Боранбаевтың ұйымның Атқарушы кеңесі құрамына енуі Қазақстанның халықаралық паралимпиадалық қозғалыстағы рөлін күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл шешім көру қабілеті бұзылған спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық әріптестікті дамытуға жол ашады.
Сондай-ақ бұл тағайындау қазақстандық параспортшылардың мүддесін халықаралық деңгейде тиімді қорғауға, тәжірибе алмасуға және инклюзивті спортты дамытуға арналған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді.