
Бірінші себебі – он жасар бала үшін велосипед тым үлкен еді Ол кезде велосипедтің керек бөлшектері мен құралдарын табу аса қиын еді. Жасырантыны жоқ, кейде ата-анасының да қолы қысқалық еткен. Бірақ жаттықтырушысы да өз ісіне берілген адам болып шығыпты. Кішкентай бала Талғат үшін велосипедін бұзып, көлемін кішірейтіп, шақтап қайта жасап береді. Екіншісінде, жас баланың спортпен тым әуестеніп кеткені әкесіне ұнамапты. «Қатты жарақат алып қала ма?» деп секемденіп, «велоспортты таста» деп бұйырған. Тыйым да салған. Бірақ араға бір жыл салып, Талғат шайтан арбаға қайта отырады. Әкесі бұл жолы «қой» деп айтудан ештеңе шықпасын түсінген. Тынбай, үздіксіз жаттығу, еңбектену – қашанда үлкен жетістіктің бастауы. Соның арқасында 1987 жылы Талғат Көлбаев КСРО құрамасына алынады. Жастар арасында чемпионаттарға қатысады. Айта кету керек, 1989-1990 жылдары КСРО құрамасында екі бірдей әлем чемпионатында ойын көрсетеді.«Өткен өміріме көз жүгірте отырып, велоспортты басқа спорт түріне айырбастамайтынымды түсіндім. Бастапқы кезде екі мәрте тастап кетуге шақ қалған кездерім де бар», - деп жастық шағын есіне түсіреді Талғат Көлбаев.

Әрине, жеңіс оңай келмейді. Өмірдің бұралаң соқпағы тағы бар. Жеңіс пен жеңіліс қатар жолығып, итжығыс түсіп жатады. Спорт сонысымен де қызық. Спортшы тренер штабымен сөзге келіп, спорттық мәнсабын тастап кетпек те болған. Бұл 1990 жыл еді. Бірақ әкесінің ақылы күш беріп, жігер қосып, дұрыс жолды таңдауға себеп болыпты.«Жүлде алмасақ та, бұл чемпионаттар мен үшін орасан зор тәжірибе болды. Сол себепті де, 1990 жылы үш тур нәтижесінде тау чемпионатында ересектер арасында КСРО чемпионы болдым», – дейді Тәкең.
Спорттың бұлжымас өз қағидасы бар. Ақыл тоқтатып, кемел шаққа жеткенде қош айтысуға тура келеді. Талғат Көлбаев та спорттық мәнсабын аяқтап, отбасы – ошақ қасынан табылып, басқа салаға ауысады. Бірақ өмір жолы – велоспорттан қол үзбеуге бел буып, 2007 жылы жаттықтырушы ретінде жастарды баулуды ұйғарады. 2012 жылы шәкірті Алексей Луценко әлем чемпионы атанады. Бапкер үшін бұдан артық не бақыт бар!«Велоспортты мен таңдағаным жоқ, мені велоспорт таңдады. Мұны сан мәрте айтып та келемін. Алғашқы тренеріме, маған сенім артқаны үшін әкеме разымын. Осы екі адамның арқасында үлкен спортқа өмірлік жолдама алдым», – дейді ҚР еңбек сіңірген тренері.
Оның пікірінше, велоспорт пен велотуризм бүкіл әлемде дамып келеді. Өйткені, велосипедті күнделікті өмірде қолдану оңай әрі ыңғайлы. Экологиялық жағынан таза әрі дененің қалпын бұзбай ұстап тұрады. Еуропа елдерінде халықтың үштен екісі дүкенге, аптекаға бару секілді күйбең тіршілік үшін үнемі велосипедке жүгінеді. Оқуына, жұмысына халықтың 40 пайызы осы көлікпен барады екен. Сондықтан Еуропада велоспорт – футболдан кейінгі екінші танымал спорт. Біздің елімізде велоспортты жұрт спорттың жаңа қанат жайып келе атқан түрі ретінде қабылдайды. Бірақ, маманның айтуынша, тамыры тереңде. Сонау 1914 жылы алғашқы турнир өтіпті. Демек, велосипед спортының тарихы 107 жыл бұрын басталыпты. Мұны біреу білсе, біреу біле бермейді. Велоспорт танымалдық жағынан футбол мен хоккейден кейін үшінші орынды иемденіп отыр. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада Александр Винокуров жеңіске жеткеннен кейін ел арасында кеңінен танылды. Чемпионаттарды қалт жібермей тамашалап, Қазақстанның спортшылары жеңеді деп бәс тіге де бастады.«Даңқты велошабандоз Лэнс Армстронгтың: «Велосипед тепкенде мені жарыс рекордтары емес, бақытты бастан өткеру желіктіреді», – деген әдемі бір сөзі бар. Велоспорт – өмір сүру салты. Басқа спорттардан өзгешелігі, мұнда шектеу жоқ. Кез келген жаста кәсіби түрде де, өз денсаулығың үшін де айналыса беруге болады. Бастысы, бұл спорт буын аурына өте пайдалы. Тізесі ауыратын адамдар үшін де, артық салмағы барлар мен жасы келген адамдар үшін де пайдасы зор», – дейді Талғат Көлбаев.
Әрине, елімізде жастардың велоспортқа құмартуына Astana Qazaqstan Team-нің қосқан үлесі мол. Қазақстандық команданың жетістіктері қалың көпшіліктің бұл спорт түріне назарын еріксіз аудартып, жаңкүйерлерінің де саны артып келеді. Қазіргі заманда отбасы қамы, жұмыс және демалысты тең ұстап, бұған уақыт таба білу қиын. Еңбек сіңірген тренер спорттың, соның ішінде велоспорттың қобалжу мен күйзеліске түсудің алдын алып, тән мен жанның саулығын сақтаудың таптырмас құралы екенін айтады.«Біздің велошабандоздарымыз жергілікті және әлемдік біріншіліктерде керемет нәтиже көрсетіп жүр. Соның арқасында елімізде жыл сайын велоспортқа деген қызығушылық артып келеді. Соңғы жылдары жан-жақты дамып жатыр. Жыл сайын жаңа жолдар пайда болуда. Шұғылданамын деушілердің де қарасы көбейіп отыр», – дейді Талғат Көлбаев.
«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры«Бәріңізді велоспортты таңдауға шақырамын. Велоспортта сіздің қанша ақшаңыз бар екені маңызды емес. Кім әрекет жасап, табандылық көрсетсе, күресе білсе, сол жеңіске жетеді», – дейді Талғат Көлбаев.