Жаңалықтар

Талғарда ер адам әйелін өлтіріп, айғақтарды жасыруға тырысқан

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Талғарда ер адам әйелін өлтіріп, айғақтарды жасыруға тырысқан
kznews.kz коллажы

Алматы облысы Талғар ауданында ер адам бірге тұрған әйелін өз үйінде пышақтап өлтірді. Күдікті айғақтарды жасыруға тырысып, оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Оқиға Талғар ауданына қарасты Рысқұлов ауылында болған. Жергілікті жұрт жантүршігерлік жағдайдан кейін әлі де есеңгіреп отырғанын айтады. Көршілерінің сөзінше, марқұмның мінезі салмақты, көпке зияны тимеген адам болған.

Күдікті 45 жаста, марқұммен заңды некеге тұрмағанымен, шамамен 15 жыл бірге өмір сүрген. Марқұмның анасы ер адам Қарақалпақстаннан келгенін, ауылда жүк тасымалдаумен күнелткенін айтады. Сол түні ішімдік ішіп, жанжал барысында қол көтеріп, арты пышақтауға ұласқан.

Марқұмның анасы қызын көргендегі көріністі ауыр күйзеліспен еске алады: әйел «екі қолтығына, ішіне пышақ сұққанын» айтып, бұған дейін де соққы көрсеткенін жеткізген. Ауылдастар да күдіктінің мас күйінде жиі шу шығаратынын көргенін жасырмайды. Көршілерінің айтуынша, жанжал сәтінде үйдің есігі бекітіліп, кілт сыртқа лақтырылып кеткен.

Кішкентай бала қосалқы кілтпен есікті ашып, көрші үйдегі әжесіне жетіп, анасының ауырып жатқанын айтқан. Алайда туыстары жеткенше күдікті бой тасалап үлгерген, ал зардап шеккен әйелдің қаны көп кетіп, дәрігерлер аман алып қала алмаған.

Марқұм 1987 жылы туған. Әріптестері оның жұмысына адал, ашық-жарқын жан болғанын айтады. Олар әйелдің отбасындағы қиындықты көпшілікке шығармай, үндемей жүргенін де тілге тиек еткен.

Жақындарының айтуынша, күдікті қылмысын жасыру үшін қан іздерін шүберекпен сүртіп, оны газ плитасының астына тығып кеткен. Полиция мәліметінше, ер адам азаматтық жұбайына пышақпен соққы жасап, жәбірленуші бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал анасының өлімін көрген 5 жасар бүлдіршін әзірге атасы мен әжесінің қолында. Туыстары баланың психологиялық жағдайы тұрақты екенін айтқанымен, мұндай соққының салдары ұзаққа созылуы мүмкін екенін мамандар жиі ескертеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz