Жамбыл облысында оқушылар арасындағы қайғылы оқиғаға қатысты іс аяқталып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға өткен жылдың күзінде Тараз қаласындағы 47-мектепте болған еді. 9-сынып оқушысы сыныптасына күш қолдану салдарынан оны өлтіріп алған болатын.
Істі қараған мамандандырылған ауданаралық сот оқушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сот материалдарына сәйкес, жасөспірімнің әрекеті өлімге әкеп соққан. Қайтыс болған баланың мойын тұсынан алған жарақаты аса ауыр болған. Қылмысқа барған оқушының кінәсі куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындыларымен толықтай расталып, дәлелденді.
Сонымен қатар, сот кінәлі тараптың заңды өкілдерінен жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық шығын өндіру талабын қанағаттандырды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.