Шымкентте бойжеткеннің қазасынан кейін полиция қызметкерлерінің қызметіне салғырт қарағаны жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық істі ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеуді бастаған.
"Тергеу барысында қылмыстық істі уақтылы тіркемей, күдіктіні жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.Алдымен аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қарастырылады. Сонымен қатар тергеу аясында қалалық gолиция департаменті басшылығының қызметі де тексеріледі", - деді ол Сенат кулуарында.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға арнайы тапсырма берген болатын.
20 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Шымкент полиция департаментінде кадрлық өзгерістер болғанын хабарлады. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін қабылданған. Қала полициясының бастығы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды.
Айта кетейік, марқұмның өліміне күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.