Шымкентте үш жасар бала көпқабатты тұрғын үйдің тоғызыншы қабатынан құлап, көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 5 тамыз күні Қаратау ауданындағы Нұрсәт шағынауданында болған. 2023 жылы туған сәби ересектердің қарауынсыз қалып, пәтердің терезесінен құлап кеткен. Өкінішке қарай, бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл қалада балалардың терезеден құлауына байланысты 9 оқиға тіркелген. Оның төртеуі өліммен аяқталса, бес бала түрлі жарақат алған.
Құтқарушылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және москит торына сенбеуге шақырды.