Түркістан облысының Түлкібас ауданында екі жасар бүлдіршін сыртқы әжетханаға құлап, қайғылы жағдайда көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 22 шілде күні Ақсу-Жабағылы ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 2024 жылы туған бала тұрғын үйдің ауласында ересектердің қарауынсыз қалып қойған. Сол кезде абайсызда тереңдігі шамамен 2,5 метр болатын сыртқы әжетханаға құлап кеткен.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, жедел жәрдем қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен орман шаруашылығының мамандары жедел жеткен.
Құтқарушылар баланың денесін әжетханадан шығарып алды. Өкінішке қарай, бүлдіршіннің өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты құтқарушылар ата-аналарға кішкентай балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға, ауладағы қауіпті нысандарды қауіпсіз етіп қоршауға және олардың өміріне қауіп төндіретін орындарға балалардың жақындауына жол бермеуге шақырды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.