KZNews.kz
Жаңалықтар

Шымбұлақтағы мейрамханадағы жанжалға нүкте қойылды

Torgyn Abushakhman

Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы Шымбұлақтағы мейрамханалардың бірінде болған оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.

Полицияның мәліметінше, аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіліп, барлық қатысушылар анықталған және олардан түсініктемелер алынған. Оқиға толық зерттелген.

«Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоционалды жағдайда болғанын айтты. Кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді. Сондай-ақ тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды», – делінген полиция таратқан мәлімдемеде.

Тексеру барысында қатысушылар өзара кешірім сұрап, татуласқаны және болған жағдайға өкінетіндерін білдірген. Сонымен қатар, олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарап, кез келген келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге шақырған.

Тексеру нәтижесінде екі адамға ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен олар 20 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция азаматтарға тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік айырмашылықтар ешқашан қақтығыс пен қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс екенін ескертті.

«Ұлттық немесе тілдік тақырыптарды пайдаланып, дауды ушықтыру әрекеттері қоғам үшін қауіпті және қабылданбайды», – деп түйінделді мәлімдемеде.

Еске салайық, 23 желтоқсанда Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Бақытжанов Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында қазақ тіліне қатысты туындаған дауға байланысты видео жариялаған. Осыдан кейін Threads және 2GIS платформаларында мейрамхананың қызмет көрсету сапасына қатысты пікірлер көбейген.

Кейбір желі қолданушылары мейрамхананы жабуды талап етсе, енді бір бөлігі қазақ тілін құрметтеуге шақырды. Кейінірек Gusto мейрамханасының әкімшісі халықтан кешірім сұраған болатын.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары