Шымкентте төрт жасар ұл мен 15 жастағы қыздың өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды. Қайғылы жағдайдан кейін тағы үш адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларға иіс газынан ауыр дәрежеде улану диагнозын қойған.
Қайғылы оқиға Шымкент қаласындағы «Восток» шағынауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, баспананы екі әйел балаларымен бірге жалдап тұрған. Көршілердің айтуынша, бір пәтерде екі құрбы мен олардың үш баласы тұрған.
Оқиға болған күні отбасы мүшелерінің бірі туыстарына телефон соғып, көмек сұраған.
"Үйге кіргенде көргенімнен шошып кеттім"
Зардап шеккен әйелдің туысы Дильбар Саидқожаева пәтерге кірген кезде көрген жағдайын баяндады.
Оның сөзінше, үй ішіндегі адамдардың жағдайы ауыр болған. Балалардың бірі қимылсыз жатса, екіншісінің денесі құрысып қалған.
"Мен үйге кіріп, көргенімнен шошып кеттім. Залда сіңлім көзін ашып, ес-түссіз жатыр екен. Жағдайы өте ауыр болды. Сол жағында баласы жатты. Басында ұйықтап жатыр деп ойладым. Ал қызы жылап, денесі құрысып қалыпты", – деді ол.
Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері төрт жасар ұл мен 15 жастағы қыздың қайтыс болғанын анықтаған.
Ал қалған үш адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілген.
Үш жасар қыз әлі жансақтау бөлімінде жатыр
Шымкенттегі Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың мәліметінше, ауруханаға жеткізілген науқастардың жағдайы бастапқыда өте ауыр болған.
Олардың барлығына иіс газынан ауыр дәрежеде улану диагнозы қойылған.
"Науқастардың жағдайы өте ауыр болғандықтан, оларды қабылдау бөліміне кіргізбей-ақ бірден жансақтау бөліміне жатқыздық", – деді дәрігер.
Қазіргі уақытта 27 жастағы әйел мен оның үш жасар қызы медициналық бақылауда.
Анасының жағдайы жақсарып, ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Ал бүлдіршін әлі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Үшінші зардап шеккен адамның жағдайы тұрақталып, ауруханадан үйіне шығарылған.