KZNEWS.KZ
Қоғам

Шығыс Қазақстанда ен даладан 3 жасар бала табылды

Айгерім Асылова
Баланы табу сәті. Кадр: t.me/dp_abai

Абай облысында салт атты полиция қызметкері жоғалып кеткен 3 жасар баланы ен даладан тапты, деп хабарлайды kznews.kz полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның ресми Telegram арнасында хабарланғандай, 8 сәуірде 3 жасар бала Ақсуат ауданындағы үйдің ауласынан шығып, жоғалып кеткен.

Туыстары таңнан іздеуге кірісіп, шамамен сағат 11:00-де полицияға хабарласқан. Сол сәттен бастап барлық күш баланы іздеп табу үшін дереу жұмылдырылды.

"Полицейлер даланы, әрбір метр жерді тексерді, себебі уақыттың әр минуты қымбат екенін түсінді.

Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында салт атты полиция қызметкері айдалада кішкентай баланың бейнесін байқайды — ол елді мекеннен алыс жерде жалғыз жүрген.

Толқығанын жасыра алмаған полицей баланы: "Айналайын, келе ғой…" — деп шақырған.

Сағат 14:00 шамасында бала елдімекеннен шамамен 3 шақырым жерден табылды. Бақытқа орай, ол аман-есен, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ — бала тек адасып кеткен.

Бұл оқиға — уақыттың әр минуты маңызды екенін және үйлесімді әрекеттің маңызын еске салады. Кейде нағыз ғажайып — дер кезінде табылған бала", - делінген ведомство хабарламасында.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →