Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, сот шешімімен сотталушының бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігі жеңілірек жаза – айыппұлмен алмастырылған.
ҚАЖК өкілдері жазаны жеңілдету, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімнің орындалуына қатысты өзге де мәселелерді қарау тек сот құзыретіне жататынын атап өтті.
Еске салсақ, 2025 жылдың мамыр айында Астана соты Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің директоры Ләззат Көккөзованы 2018 жылы өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танып, үкім шығарған болатын.