KZNews.kz
Сараптама

Светлана Жақыпованың отставкасы: саланы цифрландырған шендінің әлсіз қыры қандай

Азамат Қойшығара
kznews.kz

Кеше ғана Президент пәрменімен босатылған Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне 2023 жылғы 2 қыркүйекте тағайындалыпты. Үкімет құрамындағы өзгерістерден кейін 2024 жылғы 6 ақпанда осы лауазымға қайта бекітілді. Осылайша ол ведомствоны шамамен 2 жыл 5 ай басқарды. Алайда, ресми хабарламаларда отставканың нақты себебі ашық көрсетілмеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Цифрландыру қағаздағы "көрсеткішті" түзетті

Жақыпова кезеңіндегі ең байқалатын реформалық вектор әлеуметтік қызмет көрсету инфрақұрылымын цифрландыру арқылы бақылауды күшейту және деректерді «тазалау» болды. 2025 жылғы 4 сәуірде Сенат алаңында ол лицензиялау мен цифрлық валидация нәтижесінде «қызмет көрсетті» делінген 1039 ұйым бойынша мәлімет қайта тексеріліп, іс жүзінде шамамен 800 ұйым қалғанын айтты. Олардың 500-іне лицензия беріліп, шамамен  300 ұйымнан талаптарға сай емес болғаны үшін бас тартылған. 

Ең маңызды цифр қаржылық салдар, қағаз жүзінде қызмет көрсетілді деп берілген 135 мыңға жуық адам туралы есеп нақтыланғанда нақты қызмет алғандар 82 мың екені анықталған, соның нәтижесінде мемлекеттік бюджетке шамамен 31 млрд теңге қайтарылғаны айтылды.

Бұл жерде айрықша атап өтетін нәрсе, әлеуметтік саясат ұсақ гранттар емес, триллиондар айналымы. Мысалы, министрлік мәліметіне сәйкес, 2024 жылы әлеуметтік төлемдердің 41 түрі бойынша 4,5 млн адам қамтылып, төлемдерге 5,261 трлн теңге бағытталған. Демек, «дерек пен ақшаның түйіскен жерін» цифрландыру техникалық жоба ғана емес, мүдделер теңгеріміне әсер ететін саяси процесс деп білген жөн.

Зейнетақы төңірегіндегі ұсыныс кімдерге ұнамады?

Қоғамдық резонанстың ең ірі толқыны жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге қатысты болды. 2024 жылғы қарашада Мәжіліс депутаты Айдос Сарым министрдің «жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге бюджеттен төлемдерді тоқтату» туралы ұсынысы қоғамда наразылық тудырғанын айтып, ресми сауал жолдады және мұны құқықтар мен әлеуметтік тұрақтылық өлшемімен байланыстырып бағалады. Депутат сауалында еңбек нарығынан да нақты дерек келтірілді, enbek.kz мәліметіне сүйеніп, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны барын, оның ішінде 13 356 орынға еңбек өтілі талап етілмегенін айтты.

Бұрынғы шенді бұл бастаманың заң жобасы емес екенін, «жауап контекстен жұлынып алынғанын» айтып, ол ұсыныс қазіргі зейнеткерлердің төлеміне кедергі келтірмейтінін түсіндіруге мәжбүр болды. Бұл дауға символдық әрі эмоционалдық салмақ қосқан ахуал «ақ жағалылар» тіркесі еді. Экс-министр зейнет жасына жеткен «ақ жағалылардың» жұмыстан кетуге аса құлықты емес екенін айтып, депутаттар бұны әлеуметтік жіктеу және ұрпақаралық қарсы қою қаупі бар риторика ретінде сынаған.

Жақыпованы әлсіз қыры

Осы оқиғалардың ортақ түйіні - техникалық дұрыс реформа (деректі тексеру, цифрландыру, қаржыны қайтару) қоғамға жеткізу тілі әлсіз болса, «әділетсіздік» сияқты қабылдануы мүмкін. 

Былтырғы 3 желтоқсанда Ақордадағы қабылдауда Жақыпова Президентке жұмыспен қамту бойынша 2029 жылға дейінгі жоспардың 83% орындалғанын, соңғы 5 жылда 2,7 млн адам еңбекке тартылғанын айтты. Сол есепте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 10 айда 30% азайғаны, көмекті 285,1 мың адам алғаны және оған 27,1 млрд теңге жұмсалатыны хабарланды. Бұған қоса өндірістік жарақат 6,5%, ал кісі өліміне әкелетін оқиғалар 4,5% азайғаны; Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілгені; базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін ұлғайтылғаны сөз болды.

Яғни «цифр бар, нәтиже бар» деген аргумент ұсынылды. Бірақ зейнетақы секілді сезімтал тақырыптарда адамдар үшін есептен бұрын қауіп пен әділет өлшемі тұрады. Дәл осы тұста коммуникациялық олқылық Жақыпованың ең әлсіз жері ретінде көрінді деген пайым жасауға негіз бар.

Енді жаңа министр не істеуі керек?

Саяси температураны көрсететін тағы бір қабат — сыртқы сараптамалық рейтингтер. «ЦСПИ Стратегия» ҚҚ жариялаған рейтингте Еңбек министрлігі 2025 жылғы үшінші тоқсанда 28-орында болып, жиынтық бағасы 3,45/7 деңгейінде көрсетілген. 

Ulysmedia шолуында ведомство 32/40 орын алған. 

Мұндай рейтингтер отставканың «құқықтық себебі» болмаса да, элита ішіндегі және қоғамдағы қабылдауға әсер ететін индикатор ретінде салмаққа ие болуы мүмкін.

Асқарбек Ертаевқа қалған міндет цифрландыру бағытын үзбей, қоғаммен диалогты күшейту және сенімді қалпына келтіру екені анық.  Бұл міндеттің құны жоғары, өйткені әлеуметтік-еңбек саясатының бюджеті де өте үлкен: 2026 жылы осы салаға 6 трлн 833 млрд теңге қарастырылғаны, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15,1% немесе 897,7 млрд теңгеге көп екені айтылды. Осындай көлемдегі жүйеде технология шешім қабылдауды жылдамдата алады, бірақ реформаның тұрақты болуы үшін қоғамның ең басты ресурсы - сенім болып қала береді.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →