Алматыда қоғамдық көлікте жолаушы қызға шабуыл жасалған. Күдікті ұсталып, психиатриялық сараптамаға жіберілді, деп хабарлайды kznews.kz.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда №86 бағыттағы автобуста жолаушы қызға қатысты шабуыл дерегі тіркелді. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз ер адам қыздың мойнынан ұстап, оны еркінен тыс жақындасуға мәжбүрлеген.
Оқиға кезінде басқа жолаушылар дереу араласып, күдіктіні автобустан шығарып жіберген. Алайда біраз уақыттан кейін ол қызды қайтадан аңдып, такси күтіп тұрған жерінен жақындауға әрекет жасаған. Жәбірленуші бұл жолы қашып құтылып, қауіпсіз жерге жеткен.
Алматы қалалық Полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлады. Ол ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам психоневрологиялық мекемеде есепте тұрған. Осыған байланысты ол арнайы медициналық ұйымға жіберіліп, сараптамадан өтеді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктінің әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі.