Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстағы жетістігі туралы қуанышты жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен "Tashkent" халықаралық ашық турнирінде қазақтың дәстүрлі садақшылары жоғары нәтиже көрсетті. Байрақты бәсекеге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Кипр және Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы қатысқан.
Қазақстан құрамасы атынан жарысқа 7 спортшы қатысып, ел намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде олар 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленді.
Осы нәтижелердің арқасында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды.
Нартай Аралбайұлы бұл жеңіс қазақтың дәстүрлі садақ ату өнерінің әлемдік деңгейде мықты екенін тағы бір рет дәлелдегенін атап өтті.
"Қазақтың дәстүрлі садақшылары әлемде теңдессіз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жанкүйер болып, қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын", – деп жазды ол.