KZNews.kz
Жаңалықтар

Сүйінші, ағайын! Депутат Асхат Аймағамбетов ел асыға күткен қуанышты хабарды жеткізді

Қайсар Қанат
Informburo.kz. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Қазақстанда коучинг саласына қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Енді коучинг қызметі мемлекет бекіткен кәсіби стандарт аясында реттеледі. Яғни өзін «коучпын» деп жариялау жеткіліксіз – маман өзінің білімі мен кәсіби даярлығын арнайы құжаттармен растауы тиіс.

"Ертеңнен бастап өзіңді коучпын деп айта салу мүмкін болмайды. 14 ақпанда елімізде Коучинг қызметінің кәсіби стандарты ресми түрде күшіне енеді. Енді бұл жай ғана сән немесе BIO-дағы әдемі сөз емес, мемлекет реттейтін мамандық. Ең бастысы – коучтардың білімі мен біліктілігін растайтын арнайы құжаттары болуы қажет, басқа да талаптар бар", – деп жазды депутат.

Жаңа стандарт коучтердің кәсіби құзыретін нақтылап, олардың дайындық деңгейіне талап қояды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер қызмет сапасын арттырып, тұтынушылардың құқығын қорғауға және кәсіби білімі жоқ адамдардың нарыққа еркін кіруін шектеуге бағытталған.

Соңғы жылдары өзін "жеке даму сарапшысы", "мотивация тренері" немесе "коуч" деп таныстыратындардың саны күрт көбейді. Алайда олардың біліктілігі мен тәжірибесіне қатысты нақты бақылау тетігі болмаған. Бұл жағдай қоғамда күмән тудырып, саланы реттеу қажеттігін алға шығарды.

Қолданыстағы заңнамада коучинг ересектерге арналған бейресми білім беру қызметі ретінде қарастырылады. Яғни оқу формасы, ұзақтығы мен мазмұны қатаң регламенттелмеген. Негізгі мақсаты – адамның жеке дамуына, әлеуетін ашуына және өмірлік бағытын айқындауына көмектесу.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →