KZNEWS.KZ
Экономика

Субвенция синдромы: аймақтар неге орталыққа алақан жая береді?

Фото: AI көмегімен жасалған.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Қазақстанның 16 облысы мен Шымкент қаласына республикалық бюджеттен субвенция жыл сайын беріледі. Биыл республикалық бюджеттен 5,17 трлн теңге субвенция бөлінген екен. Бұл қаражат жергілікті бюджеттердің кірісі мен шығысы арасындағы айырманы өтеуге арналған. Алайда өңірлерге бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын айтарлықтай ерекшеленіп отыр.

2026 жылғы 8-желтоқсанда қабылданған №238-VIII заңға сәйкес, субвенцияның ең үлкен көлемі Түркістан облысына тиесілі екен, қаржы көлемі 1,14 трлн теңге. Одан кейінгі орындарда Қызылорда облысы, 504 млрд теңге Жамбыл облысы, 494,3 млрд теңге, Қостанай облысы, 350,6 млрд теңге және Ақмола облысы, 325,9 млрд теңге шамасындағы өлшеммен орналасқан.

Ал қалған өңірлерге бөлінетін қаражат көлемі де әртүрлі екен. Мәселен, Жетісу облысына - 381,9 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысына - 334 млрд теңге, Қарағанды облысына - 269,6 млрд теңге, Абай облысына - 266,9 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысына - 251,7 млрд теңге, Ақтөбе облысына - 197,1 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысына - 173,6 млрд теңге, Маңғыстау облысына - 122,7 млрд теңге, Алматы облысына - 108 млрд теңге, Ұлытау облысына - 60,8 млрд теңге, Павлодар облысына - 7,8 млрд теңге жәна Шымкент қаласына 182,7 млрд теңге қарастырылған. 

Бұл сандар өңірлердің бюджет мүмкіндіктері бірдей емес екенін көрсетеді. Мәселен, Түркістан облысына бөлінетін субвенция Павлодар облысының көрсеткішінен шамамен 146 есе көп. Бірақ, мұны экономикалық даму деңгейінің тікелей айырмасы деп бағалауға болмайды екен. Яғни, бюджет қажеттілігіне халық саны, әлеуметтік міндеттемелер және жергілікті кірістердің көлемі де әсер ететіні белгілі. Яғни, облыс бюджеті мен қосымша қаржыландырудың басқа түрлері өңір тұрғындарының қажеттігін өтеуге қауқарсыз екенін білдіреді. Яғни, субвенцияның республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілетін әрі белгілі бір шығындарды қаржыландыруға арналған бюджет қаражаты екенін ескерсек, қай облыстардың орталыққа алақан жаятынын аңғарасыз. Тағы бір астын сызып айтатын нәрсе, субвенцияның дотациядан айырмашылығы бар. Яғни, субвенция нақты мақсаттарға немесе шығындарды өтеу бағыттарына арналуы мүмкін.

Әлбетте, бұл картина тұтас аймақтар республикалық бюджетті сауын сиырға айналдырып алған дегенді білдірмейді. Сонымен бірге республикалық бюджетке қаражат аударатын өңірлер де бар. Мысалы, биыл Атырау облысынан 262,4 млрд теңге, Алматы қаласынан 491,9 млрд теңге және Астана қаласынан 125,7 млрд теңге республикалық бюджетке кіріс түскен екен. Бұл үш өңірден түсетін қаражаттың жалпы көлемі — 879,9 млрд теңгеге жеткен. Жалпы, мемлекет қаражатын бюджетаралық қайта бөлу тетігі Қазақстан өңірлерінің қаржылық мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған.

Дегенмен, субвенцияның көп немесе аз бөлінуі өңір экономикасының тиімділігін толық көрсетпейді. Оны бағалау үшін жергілікті бюджеттің өз кірістерін, жан басына шаққандағы өндірісті, инвестиция мен жұмыспен қамту көрсеткіштерін де салыстыру қажет. Бұл жердегі негізгі мәселе субвенция көлемінде ғана емес, өңірлердің өз кірісін көбейту қабілетінде қатысты болмақ. Яғни, жергілікті экономика дамып, салық базасы кеңейген сайын республикалық бюджетке тәуелділікті төмендетуге де мүмкіндік туады.

Өкінішке қарай, аймақтарға бөлінетін субвенция көлемінің азаймауы әкімдердің басқару стиліндегі тиімділіктің төмен екенін де білдіреді...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →