Бұған дейін аталған аумақтарға ауыз су тасымалмен жеткізіліп келген. Енді тұрғындарға су Қарақұдық жерінде жаңадан қазылған сегіз ұңғымадан құбыр арқылы беріледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Құрылыс екі кезеңде жүргізілген. Жоба аясында жалпы ұзындығы 8 830 метр су құбыры тартылып, су қоймалары мен су айдау станциясы салынды.
Жаңа ұңғымалар Шетпенің қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесіне де қосымша су көзі болады. Бұған дейін ауыл тұрғындары Көгез жеріндегі ұңғымалардың суын пайдаланып келген. Жаңа нысан берілетін су көлемін ұлғайтып, елді мекенді тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Нысанның ашылуына қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдегі басым бағыттардың бірі екенін айтты.
«Бүгінде облысымызда халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің одан әрі дамуына да жол ашады», – деді ол.
Жиында аудан ақсақалы Жұмағұл Селбаев тұрғындарды құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.