Алматы соты журналист Гүлнәр Бажкенованы кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот үкімі 18 тамызда жарияланды. Үкімге сәйкес, Бажкеноваға тағайындалған сегіз жылдық бас бостандығынан айыру жазасының орындалуы екі жылға кейінге шегерілді. Бұған дейін прокурор соттан журналистке дәл осындай жаза тағайындауды сұраған.
Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы – «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету», 214-бабы – «Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік немесе микроқаржылық қызмет» және 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған.
Соттағы соңғы сөзінде Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол соттан өзін кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айырмауды сұрады. Журналист мұндай тыйымды «азаматтық өлім жазасына» теңеген.
Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот процесі шамамен бір жарым айға созылды. Ол 2025 жылдың желтоқсан айынан бері үйқамақта болған.