Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотталған Арман Жұмагелдиевтің (Арман «Дикий») үкімді қайта қарау туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Апелляциялық алқа шығарған қаулыға сәйкес, бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Яғни, Жұмагелдиевке және іс бойынша өзге де негізгі фигуранттарға қатысты бұрынғы шешім толықтай күшінде қалды.
Айта кетейік, қазан айында Арман Жұмагелдиев соттан өзін қайта тергеуді және үкімді жеңілдетуді сұрап, апелляциялық өтініш берген еді.
Еске сала кетейік, ол 2022 жылғы қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың қатарында болды. Бұл іс бойынша барлығы 42 адам сотталған. Олардың арасында бұрынғы қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің экс-басшысы Руслан Исқақов та бар.
Сот апелляциялық алқасының шешімімен қаңтар оқиғаларына қатысты үкімдердің заңдық күші сол қалпында қалды.