KZNews.kz
Сараптама

"Шикізат перифериясы": Қазақстан жаһанның жалпы ішкі өніміне қандай үлес қосады?

Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Халықаралық валюта қоры биылға болжам жасапты. Жария болған мәтіннің мағынасы 2026 жылы әлемдік нарықтағы жалпы ішкі өнімнің өсу көрсеткіштерін саралаудан тұрады екен.

Болжамға сәйкес,биыл жаһан елдерінің жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,1 пайызды құрайды. Әлбетте, бұл сан ауыз толтырып айтарлықтай көрінбеуі мүмкін. Бірақ, дүниежүзіндегі қазіргідегідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл қалыпты көрсеткіші дейді сарапшылар. Өйткені, бүгінде әлемнің барлық елдері мен жолдарындағы сауда шектеулері мен жеткізу тізбектері бұрынғыдай емес. Бұған дейін тұрақтылық жағдайында болып келген экономиканың негізгі тетіктері қайта құрылымдауды бастан өткеруде. Бұл жағдай мемлекеттердің дамуына айтарлықтай тежеу болмаса да, жалпы ішкі өнімнің орнықты өсім көрсетуіне тиісінше әсер етіп отыр екен. Мұндай картина дамыған елдердің қазіргі күйін шынайы бағалаудан кейін қалыптасқан болуы ықтимал. Ең қызығы, алып экономикаға ие елдерге қарағанда дамушы елдерде ЖІӨ бойынша жағымды тренд көрініс тауып отыр-мыс.

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының бағалауынша, әлемдік экономикалық серпіннің негізгі бөлігі Азия-Тынық мұхиты аймағына тиесілі болып отыр. Бұл аумақта жаһандық өсімнің шамамен 59,4 пайызы қалыптасады. Яғни, сарапшылар әлемдік экономиканың жаңа орталығы ретінде Азия кеңістігіне назар аударатын уақыт келді деген пайымда. Әңгіме, әрине орташа даму деңгейіндегі мемлекеттер туралы болмақ. Әлбетте бұл сектордағы еліміздің орыны төрде екені даусыз.

Болжамға қарасақ, Қазақстан жаһандық өсім құрылымында біршама оң позиция көрсетіп келеді. ХВҚ зерделеуіне сәйкес, осы сәтте әлемдік ЖІӨ өсімінің 0,7 пайызы Қазақстан экономикасының үлесіне тиесілі екен. Бұл деректер жәй ғана символдық көрсеткіш емес, ел экономикасының жаһандық өсім тізбегіндегі құрылымдық элементке айналғанын білдіреді. Ауызы дуалы экономистердің көзімен қарағанда, Қазақ елі тек ішкі нарық есебінен дамып отырған мемлекет емес, әлемдік экономиканың кеңеюіне нақты үлес қосып отырған елдердің қатарына толық еніп отыр. 

Жоғарыда әлемдік экономикалық дамудың ядросы енді Азия құрлығына қарай ойысқанын айттық. Осы кеңістікте орналасқан Қазақстан геоэкономикалық тұрғыдан маңызды буынға айналып келеді. Халықаралық валюта қорырының зерттеуінше, біздің елдің аумақтағы рөлі бірнеше бағытта маңызға ие болып отыр. Біріншіден, қазақ даласында Еуразиялық транзиттік дәліздердің түйіні тоғысады. Екіншіден, Қазақстан әлемге энергетикалық және шикізат ресурстарын жеткізуші ретінде ашық әрі бейбіт ұстаным қалыптастыра білді. Үшіншіден, біздің ел өңдеу өнеркәсібін дамытуға әлеуетті өндірістік алаң құруға күш салып отыр және оған мүмкіндік те жеткілікті екенін дәлелдей алды.

Жалпы, ХВҚ сияқты ықпалды ұйымның сарапшылары берген мұндай баға әлемнің назарын аудару үшін ғана жасалмайды. Тәуекел мен сенімге негізделген ұстаным терең талдаудың, мұқият зерттеудің арқасында қалыптасады. Тегі, мұндай таңдауға әуелі өзіміздің көңіліміз сеніп, рухымыз көтерілуге тиіс. Екінші жағынан, дүниежүзі мемлекеттерінің Қазақстанға қатысты көзқарастары оң бағытта болғанына қуануымыз керек. Өйткені, қазірге дейін еліміз әлемнің өндірістік даму картасында "шикізат перифериясы" деп белгіленіп, қара бояумен таңбаланып келгені жасырын емес. Мұның түрлі себептері, оның ішінде елдің саяси басқару жүйесіне қатысты сыни негіздегі мысалдары болғанын мойындауымыз керек.

Қуанышқа қарай, бұл пікір көз алдымызда өзгеріп келеді. Ал Халықаралық валюта қоры мамандарының болжамы Қазақстан әлгі айтылған ескі даму моделінен біртіндеп алыстап, өңірдегі экономикалық ядроның бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Деп келгенде, қазіргі Қазақстанның шынайы картинасын көру үшін сырт көздің пікірі мен пайымына арқа сүйеуге бейілміз. Әсіресе, Еуропа елдері мен АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттің біз туралы айтқан қандай да бір лебізі бұрынғы жоспарлы экономика кеңістігінде қатар өмір сүрген көршілердің мадаққа толы пікірінен маңызды екені рас. Міне, алыстағы елдің мамандарының бағалауынша, Қазақстан экономикасы ауқымы жағынан бірқатар еуропалық елдерден шағын болғанымен, жаһандық өсімге қосқан үлесімен салыстырғанда бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр. Бұл елдің даму қарқынындағы ішкі сұраныстың, инвестициялық белсенділіктің және инфрақұрылымдық жобалардың ықпалы жоғары екенін аңғартады.

Әрине, талапқа сәйкес міндеттер жүктемесі де жеңіл емес. Осы бағытта елімізге экономиканы әртараптандыруды жалғастыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өңдеу өнеркәсібін күшейту және цифрландыру мен технологиялық жаңғыру қарқынын арттыру жұмысын жеделдету қажет. Осы талаптар орындалған жағдайда Қазақстанның жаһанның жалпы ішкі өнімі өсіміндегі үлесі орта мерзімде арта түсуге тиіс.

Ақыры бастағасын биылғы әлемдік өсім динамикасындағы драйверлер туралы да айтайық. ХВҚ болжамына сәйкес, бүгінгі 3,1 пайызды құрайтын жаһанның жалпы ішкі өнімін қалыптастыруда негізінен мына 3 ел көшбасшы болып отыр: Қытай - 26,6 пайыз, Үндістан - 17 пайыз және АҚШ - 9,9 пайыз. Осы үш елдің жиынтық үлесі жаһандық өсімнің жартысына жуығын жауып отыр екен. Ескеретіні, бұл көрсеткішке бүкіл Еуропа Одағының қосатын үлесі шамамен 9,5 пайыз ғана дейді.

Ал келесі тізімге көз жүгіртсек, ХВҚ сарапшыларының Қазақстан туралы пайымына сенім арта түседі. Мәселен, 2026 жылғы әлемдік ЖІӨ өсіміне Жапония - 0,6 пайыз, Тайуан - 0,6 пайыз, Аустралия- 0,6 пайыз, Канада - 0,6 пайыз, Таиланд - 0,5 пайыз және Италия 0,5 пайыз үлес қосатын көрінеді. Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанның үлесі 0,7 пайызды құрайды. Яғни еліміз жаһанның жалпы ішкі өнімнің өсуіне бірқатар дамыған экономикаларға қарағанда жоғары үлес қосып отыр.

Осы жерде әлемдік өсімге дамыған экономикалар емес, қазіргі сәтте белсенді өсіп жатқан экономикалар көбірек үлес қосатынын ескеруіміз керек. Мамандар мұны былай түсіндіреді: мәселе ЖІӨ көлемінде емес, өсім динамикасында екен.

Егер қандай да бір елдің экономикасы жылдам өссе, оның әлемдік өсімге қосатын үлесі де артады дейді. Ал Қазақстанның ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші соңғы кезеңде шамамен 6,5 пайыз өсім көрсеткен. Демек, динамика бар. Бұл көптеген дамыған елдердегі динамикамен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болып отыр.

Рас, Қазақстанның жаһанның жалпы ішкі өніміне қосатын үлесін салмақтау барысында жоғарыда айтылған үш көшбасшы экономикаға ие елмен салыстыру күлкілі болар еді. Алайда, әділдік айтылуға тиіс. Қытай, Үндістан немесе АҚШ деңгейіндегі қуатқа қол жеткізу жолындағы алғашқы нышан білінді. Өйткені, әлемдік түсініктегі "шикізат перифериясы" деген ұғымды өзгерте алудың өзі ерлікке пара-пар жұмыс.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →