Қайғылы оқиға биыл мамыр айында болған. 24 мамыр күні жергілікті тұрғын қараусыз қалған ғимараттардың бірінен пышақ жарақаттары бар, өртенген ер адамның мәйітін тапқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу барысында қылмысқа 15 жастағы мектеп оқушысының қатысы бары анықталған.
Тергеу мәліметінше, қыз бен жігіт бұған дейін біраз уақыт кездесіп жүрген. Кейін олардың арасында жанжалдар туындай бастаған.
Леңгір қаласында тұратын қыз жігітті Шымкенттен арнайы шақырған. Екеуі қараусыз қалған ғимаратта кездесуге келіскен. Алайда бойжеткен кездесуге өзімен бірге пышақ алып барған.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол жігіттің кеуде тұсына алты рет пышақ сұққан. Жәбірленушінің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін құрылыс дүкеніне барып, еріткіш сатып алған. Кейін оны мәйіттің үстіне құйып, өртеп жіберген.
Қылмыстан кейін қыз болған жағдайды анасына айтып берген. Сондай-ақ достарына да жасаған әрекетін мақтанышпен жеткізгені хабарланды.
Сот-медициналық сараптама қыздың денесінен зорлық-зомбылық белгілерін анықтамаған. Тергеу барысында оның қылмысқа алдын ала дайындалғаны да белгілі болған.
Сот жасөспірімді кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.