Бұл туралы Halyk Finance талдау орталығының шолуына сілтеме жасаған POVestka телеграмм арнасы жазды.
Жалпы, осы уақыт аралығында Нюнегізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7 пайызға артты. Қаражаттың едәуір бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік жабдықтарды сатып алуға бағытталған.
Талдау деректеріне сәйкес, бюджет қаражаты мен жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын есептемегенде, негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,4 пайызға өскен. Бұл кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі артқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 40,1 пайызға көбейді. Атап айтқанда, химия өнеркәсібі, тамақ өндірісі, электр жабдықтарын шығару және металл емес минералдық өнімдер өндірісінде өсім байқалған. Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестицияның бестен бірінен астамы химия өндірісінің үлесіне тиесілі.
Электрмен жабдықтау саласына салынған инвестиция 36,9 пайызға, ал ақпарат және байланыс саласында 29,2 пайызға артты. Құрылыс саласындағы инвестиция өсімі 32 пайызды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 8,2 пайыз болған екен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 пайызға ұлғайған.
Жалпы, инвестиция құрылымында машиналар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындардың үлесі 27 пайыздан 32 пайызға дейін өсті. Жабдық сатып алуға арналған қаражат көлемі 22,9 пайызға артқан. Ірі кәсіпорындарда бұл көрсеткіш 25 пайыз, ал орта кәсіпорындарда 53,6, пайыз және шағын кәсіпорындарда 11,2 пайыз болды.
Тоқетерін айтқанда, Halyk Finance сарапшылары жабдық сатып алудың артуын ірі жобалардың құрылыс кезеңінен өндірістік жабдықтармен жарақтандыру кезеңіне өтуімен және орта әрі ірі кәсіпорындардың техниканы жаңартуымен байланыстырады.
Инвестицияларды қаржыландыруда банк кредиттерінің үлесі де өсті. Өткен 9 айда бұл көрсеткіш 5,6 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 3,7 пайыздан жоғары болды.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға және өндірістік жабдықтарға инвестицияның артуы Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Дегенмен инвестиция көлемінің өсуі өздігінен экономиканың шикізатқа тәуелділігі азайғанын білдірмейді. Оның нақты нәтижесін бағалау үшін жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы, еңбек өнімділігі мен дайын өнім экспортының өзгерісін де ескеру қажет.