Халықаралық Investing.com платформасында жарияланған "Сенім – жаңа капитал: Қазақстан инвесторлар тәуекелі жөніндегі жаһандық рейтингте 17 сатыға жоғарылады" атты мақалада еліміздің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанына оң баға берілген.
Беделді басылым елдің жаһандық рейтингтердегі позициясының жақсаруы, экономиканы әртараптандыру және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру бағытындағы реформаларға назар аударады.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда мемлекеттер инвестиция үшін тек табиғи ресурстарымен немесе арзан жұмыс күшімен ғана емес, басқару сапасы, құқықтық тұрақтылық және экономикалық саясаттың болжамдылығымен бәсекелеседі. Пандемиядан кейінгі кезеңде, геосаяси өзгерістер мен жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы аясында инвесторлар үшін сенім негізгі экономикалық факторлардың біріне айналды.
Мақала авторларының айтуынша, сенім капитал тарту құнын төмендетуге, ірі жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға және халықаралық компаниялардың жаңа өндірістер ашуына ықпал етеді. Бұл үрдіс тек Орталық Азияға ғана емес, Сауд Арабиясы, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге де тән.
Осы жағдайда Қазақстан жаңа экономикалық талаптарға бейімделген мемлекеттердің қатарынан көрініп отыр. 2026 жылдың бірінші жартысында негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6 пайызға өсіп, 20 миллиард АҚШ долларынан асты. Ал жеке инвестициялар көлемі 21 пайыздан астам ұлғайды.
Қазақстанның халықаралық беделі де нығайып келеді. Safest Countries for Investors 2026 рейтингінде еліміз бірден 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілді. Осылайша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшы атанды.
Халықаралық қаржы институттарының болжамдары да оң. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,6 пайызға өседі деп күтсе, Дүниежүзілік банк тұрақты экономикалық өсімнің алдағы жылдары да сақталатынын болжайды.
Сондай-ақ, Investing.com Қазақстан экономикасының құрылымдық өзгерістеріне де ерекше тоқталады. Егер бұрын экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші шикізат секторына тиесілі болса, бүгінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, логистика және сауда салалары жетекші рөлге шығып келеді.
2025 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында экономика 4,1 пайызға ұлғайып, құрылыс саласы 15 пайыздан астам өсім көрсетті. Сонымен қатар көлік, логистика және өнеркәсіп өндірісі де жоғары қарқынын сақтап отыр.
Инвестициялардың құрылымы да өзгеруде. Қазір капиталдың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, сондай-ақ ақпарат және байланыс саласына бағытталуда. Бұл үрдіс экономиканың шикізаттық тәуелділігін төмендетіп, ұзақ мерзімді тұрақты өсімге негіз қалайды.
Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі әлемде елдің инвестициялық тартымдылығы ең алдымен сенім деңгейімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан институционалдық реформаларды жалғастырып, экономиканы әртараптандыру арқылы халықаралық капитал үшін сенімді бағыт ретінде өз ұстанымын нығайтып келеді.