5 айда - 7 пайыз: ішкі инвестиция көлемі өсті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

5 айда - 7 пайыз: ішкі инвестиция көлемі өсті

5 айда - 7 пайыз: ішкі инвестиция көлемі өсті
Фото: ашық дереккөздерден

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар–мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6 трлн 742,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары болып отыр.

Ал инвестициялардың басым бөлігі құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталған. Атап айтқанда, жалпы инвестицияның 60,1 пайызы ғимараттар мен инженерлік құрылыстарды салу және жаңғырту жұмыстарына жұмсалса, 35,1 пайызы машина, құрал-жабдық және көлік сатып алуға бағытталған.

Инвестициялардың негізгі қаржы көзі ретінде кәсіпорындардың өз қаражаты сақталып отыр. Биылғы бес айда шаруашылық субъектілерінің жеке қаражаты 4 трлн 543,4 млрд теңгені құрап, жалпы инвестиция көлемінің 67,4 пайызына тең болды.

Ал бюджет қаражатының үлесі 14,4 пайызды құрады. Дегенмен мемлекеттік қаржыландыру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға қысқарған. Бұл мемлекет шығындарының оңтайландырылып, жеке сектордың белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Алайда, банк секторының нақты экономиканы қаржыландырудағы үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, қаңтар–мамыр айларында банктер арқылы қаржыландырылған инвестициялар жалпы көлемнің небәрі 5,7 пайызын құрады.

Салалар бойынша алғанда, инвестициялардың ең үлкен бөлігі өнеркәсіп секторына тиесілі болған, оның үлесі 42,9 пайыз. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласының үлесі 15 пайыз болса, өңдеу өнеркәсібіне 15,7 пайыз бағытталған.

Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік операциялары инвестициялардың 19,3 пайызын, көлік және қоймалау саласы 16 пайызын иеленді. 

Мұнан бөлек, ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларына салынған инвестициялар жалпы көлемнің 5,5 пайызын құрады.

Тоқетерін айтқанда, инвестициялардың өсуі экономикалық белсенділіктің сақталып отырғанын көрсеткенімен, банк несиелері үлесінің төмендігі мен мемлекеттік инвестициялардың қысқаруы ұзақ мерзімді жоспар бойынша экономиканы қаржыландыру құрылымын қайта қарауды талап етеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.