Әлеуметтік желіде әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің білім алған мектебіне арнайы барған шетелдік жанкүйерлердің видеосы тарады. Кадрлар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, желі қолданушылары арасында қызу талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бейнежазбада Швейцариядан келген туристің Димаш оқыған сыныпқа кіріп, әнші отырған партаға отырғаны көрінеді. Жанкүйер бұл сәттің өзі үшін ерекше әсер сыйлағанын айтып, эмоциясын жасыра алмаған.
Видеодан мектеп ұжымының да танымал түлегіне ерекше құрмет көрсеткенін байқауға болады. Оқу ордасында Димаш Құдайберген отырған парта мен орындық арнайы белгіленіп қойылған. Сонымен қатар сынып кабинеттерінің біріне өнер иесінің есімі берілген.
Желі қолданушылары мұндай құрметтің бекер емес екенін айтып, Димаштың әлемдік деңгейде Қазақстанның мәдениетін танытып жүргенін атап өтті. Көпшілік шетелдік туристердің арнайы келуі әншінің халықаралық беделінің жоғары екенін көрсетеді деген пікір білдірді.
Белгілі мәліметтерге сәйкес, аталған мектеп Ақтөбе қаласында орналасқан. Қазір бұл оқу орны Димаштың шығармашылығын құрметтейтін жанкүйерлер жиі баратын орындардың біріне айналып келеді.